Бахтиер Зайнутдинов мәскеулік клубқа 2025 жылдың 28 шілдесінде ауысқан.
Қазақстан ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы Бахтиер Зайнутдинов жарақатынан айығып, мәскеулік «Динамоның» жалпы тобымен жаттығуға кірісті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Мәскеу клубының баспасөз қызметі команданың жаттығуынан суреттер жариялады. Кадрларда қазақстандық футболшының өзге ойыншылармен бірге жүргені байқалады.
«Екі жаттығу. Қалпына келу», — деп жазды клуб Instagram желісіндегі жазбасында.
Бұған дейін бірқатар ақпарат құралдарында Зайнутдиновтың жазғы трансферлік кезеңде «Динамодан» кетуі мүмкін екені айтылған еді.
Бахтиер Зайнутдинов мәскеулік клубқа 2025 жылдың 28 шілдесінде ауысқан. Содан бері ол «Динамо» сапында 10 матч өткізді. Алайда жарақатының қайта асқынуы салдарынан маусымның едәуір бөлігін алаңнан тыс өткізуге мәжбүр болды.
Футболшының денсаулығына қатысты негізгі қиындықтар 2025 жылдың соңғы айларында және 2026 жылдың көктемінде байқалды. Қазақстан құрамасының 28 жастағы көшбасшысының «Динамомен» келісімшарты 2029 жылдың жазына дейін жарамды.
Айта кетейік, 2025 жылдың бірінші жартысында, «Бешікташ» сапында өнер көрсетіп жүрген кезінде Зайнутдинов тізесінен жарақат алған болатын. Кейін оған Қазақстанда ота жасалғаны хабарланды.
Енді қазақстандық футболшы біртіндеп қалпына келіп, толыққанды жаттығу процесіне қайта оралып жатыр.