Өзбекстандықтар Конго Демократиялық Республикасына 1:3 есебімен есе жіберді.
Өзбекстан құрамасы 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатындағы соңғы матчында Конго Демократиялық Республикасына 1:3 есебімен есе жіберді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Кездесу АҚШ-тың Атланта қаласындағы «Мерседес-Бенц» стадионында өтіп, топтық кезеңнің үшінші туры аясында ұйымдастырылды.
Матчтың 10-минутында Элдор Шомуродов Акмаль Мозговойдың нәтижелі пасынан кейін есеп ашып, Өзбекстанды алға шығарды.
Алайда екінші таймда Конго ДР камбэк жасады. Алдымен 68-минутта Йоан Висса пенальтиден есепті теңестірсе, екі минуттан кейін Фистон Майеле командасын алға шығарды. Ал 90+1-минутта Висса дубль авторы атанып, кездесудің қорытынды есебін белгіледі.
Айта кетейік, алғашқы таймда Конго құрамасының ойыншысы Натанаэль Мбуку соққан гол VAR көмегімен шабуылдағы ереже бұзушылыққа байланысты есепке алынбады.
Осылайша, Өзбекстан құрамасы дебюттік әлем чемпионатында үш матчтың бәрінде жеңіліп, екі гол соғып, өз қақпасына 11 гол жіберді. Команда бірде-бір ұпай жинай алмай, К тобында соңғы орын алды.
Ал төрт ұпай еншілеген Конго Демократиялық Республикасы өз тарихында тұңғыш рет әлем чемпионатының плей-офф кезеңіне жолдама алып, 1/16 финалда Англия құрамасымен кездесетін болды.