Бұл туралы спортшы желідегі парақшасында жазды.
Қазақстандық шахматшы, блицтен үш дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаева ІІ дәрежелі «Барыс» орденін ресми түрде қолына алды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Спортшы әлеуметтік желіде жариялаған видеосында мемлекеттік наградасын көрсетіп, бұған дейін ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталғанын еске салды. Сонымен қатар алдағы уақытта І дәрежелі орденді де иеленіп, «Барыс» орденінің толық кавалері атануды мақсат етіп отырғанын айтты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бибісара Асаубаеваны ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттау туралы шешімді 2025 жылдың желтоқсанында қабылдаған болатын. Алайда марапат бірден табысталмаған.
Биыл 10 маусымда шахматшы Президентке бейнеүндеу жасап, өзіне тағайындалған мемлекеттік награданың әлі күнге дейін берілмегеніне назар аударған еді. Кейін Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі орденнің уақытында тапсырылмауын спортшының халықаралық жарыстарға байланысты тығыз кестесімен түсіндірген.