29.06.2026, 22:30

Елдос Сметов әлемдік рейтингте 10 сатыға көтерілді

Фото: ҰОК

Турнирде қазақстандық балуан төрт кездесуінде жеңіске жетті.

Қазақстандық дзюдошы, Олимпиада чемпионы Елдос Сметов Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) жаңартылған әлемдік рейтингінде 10 сатыға жоғарылап, 30-орынға көтерілді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Рейтингтің жаңаруына 26–28 маусым аралығында Қытайдың Циндао қаласында өткен әлемдік Гран-при кезеңіндегі нәтижесі әсер етті. Жүлдеге іліге алмағанымен, Сметов жарыс барысында маңызды рейтингтік ұпайлар жинап, өз көрсеткішін жақсартты.

Турнирде қазақстандық балуан төрт кездесуінде жеңіске жетті. Алғашқы белдесуінде Қытай өкілі Жихао Сунды жеңсе, одан кейін Әзербайжан спортшысы Балабай Агаевтан басым түсті. Ширек финалда Франция дзюдошысы Энцо Жанға жол берген Сметов жұбаныш белдесуінде өзбекстандық Самариддин Кучкаровты жеңіп, қола жүлде үшін күресуге мүмкіндік алды. Алайда шешуші кездесуде ресейлік Аюб Блиевке есе жіберіп, жарысты бесінші орынмен аяқтады.

Осы нәтижеден кейін Елдос Сметов әлемдік рейтингте 40-орыннан 30-орынға көтерілді. Дегенмен, 60 келіге дейінгі салмақтағы қазақстандық дзюдошылар арасында әзірге төртінші орында қалып отыр.

Бұл салмақта отандастарымыздың рейтингі төмендегідей:

Талғат Орынбасар – 19-орын; Шерзод Давлатов – 20-орын; Аман Бақытжан – 28-орын; Елдос Сметов – 30-орын.