72-минутта төреші Швейцария шабуылшысы Эмболоға екінші сары қағаз көрсетіп, алаңнан қуды.
Футболдан Әлем чемпионатының жартылай финалында ойнайтын командалардың бәрі анықталды. Соңғы төртінші жолдама Лионель Месси бастаған Аргентина құрамасына бұйырды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Әлем чемпиондары жартылай финал жолдамасын Швейцариямен сарапқа салған болатын. Матчтың 10-минутында Мессидің пасына бірінші болып жеткен Алексис Макаллистер есеп ашты. 67-минутта Швейцария таразы басын теңестірген, гол авторы – Дэн Ндойе.
72-минутта төреші Швейцария шабуылшысы Эмболоға екінші сары қағаз көрсетіп, алаңнан қуды. Соған қарамастан Аргентина негізгі уақытта жеңіс голын соға алған жоқ. Тек экстра таймда алдымен Хулиан Альваерс, артынша Лаутара Мартинес бір-бір голдан соғып, командасын жартылай финалға алып шықты.
Енді финал жолдамасы үшін Аргентина Англия құрамасымен кездеседі. Тухель шәкірттері ширек финалда Норвегияны жеңген болатын. Ол ойында да негізгі уақыт 1:1 есебімен аяқталып, экстратаймда Джуд Беллингем жеңіс голын соқты.
Осылайша жартылай финалдың жұптары мынадай:
Франция – Испания Англия – Аргентина