14.07.2026, 15:00

«Неткен масқара!»: Бразилия президенті елге оралмаған футболшыларды сынға алды

Фото: Rafael Ribeiro/ CBF

Елге тек бапкерлер штабы мен федерация қызметкерлері қайтқан.

Бразилия президенті Луис Инасиу Лула да Силва әлем чемпионатындағы сәтсіздіктен кейін ұлттық құрама ойыншыларының әрекетіне наразылық білдірді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Жергілікті БАҚ мәліметінше, Бразилия футбол конфедерациясының (CBF) чартерлік ұшағымен елге 26 футболшының тек біреуі – қорғаушы Данило ғана оралған. Ал қалған ойыншылар жарыс аяқталған соң бірден демалысқа кеткен немесе жаңа маусымға дайындалу үшін клубтарына қосылған. Елге тек бапкерлер штабы мен федерация қызметкерлері қайтқан.

Бұл жағдай мемлекет басшысының ашуын туғызды.

«Мен Карло Анчелоттиге хабарлама жібердім. Ұлттық құраманың ұшағында ешкім болмады десе де болады. Тек бір ойыншы ғана елге қайтты, қалғанының бәрі сол жақта қалды. Неткен масқара. Егер олар әлем чемпионы атанса, бүгін бәрі осында тойлап жүрер еді», – деді Лула да Силва.

Еске салайық, Бразилия құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатының 1/8 финалында Норвегиядан 1:2 есебімен жеңіліп, турнирмен қоштасты. Матчта Эрлинг Холанд дубль авторы атанды.