«Біздің жас құраманың болашағына сенімім мол».
Франция президенті Эммануэль Макрон 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының жартылай финалында Испаниядан жеңілген ұлттық құраманың ойынына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Мемлекет басшысы X әлеуметтік желісіндегі жазбасында финалға жолдама алған Испания құрамасын құттықтап, Франция футболшыларына көрсеткен жанкешті ойыны үшін алғыс айтты.
«Финалға шыққан Испания құрамасын құттықтаймын. Франция құрамасының ойыншыларына ел намысын лайықты қорғап, соңына дейін күрескендері үшін ризашылығымды білдіремін. Мұндай жеңілісті қабылдау оңай емес. Дегенмен біздің жас құраманың болашағына сенімім мол», – деп жазды Макрон.
Еске сала кетейік, Луис де ла Фуэнте жаттықтыратын Испания құрамасы жартылай финалда Францияны 2:0 есебімен ұтып, турнирдің шешуші кезеңіне жолдама алды.
Финалда Испания Англия мен Аргентина құрамалары арасындағы екінші жартылай финалдың жеңімпазымен кездеседі. Бұл матч 15 шілдеден 16 шілдеге қараған түні өтеді.