Атлантадағы Хартсфилд–Джексон Халықаралық әуежайының жұмысы найзағайлы дауылға байланысты уақытша тоқтатылған.
Аргентина ұлттық құрамасы 2026 жылғы Әлем чемпионатының финалы қарсаңында күтпеген қиындыққа тап болды. Команда Атлантадан Нью-Йоркке жоспарланған уақытта ұша алмай, жолға шығуы кейінге шегерілді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Бұл туралы The Sun басылымына сілтеме жасаған Tengri Sport мәлімдеді.
Басылымның мәліметінше, Атлантадағы Хартсфилд–Джексон Халықаралық әуежайының жұмысы найзағайлы дауылға байланысты уақытша тоқтатылған. Соның салдарынан Аргентина құрамасы мен ресми делегация әуежайда күтуге мәжбүр болған.
Әдетте Атланта мен Нью-Йорк арасындағы әуе рейсі шамамен 2 сағат 20 минутқа созылады. Егер команда таңға дейін ұша алмаса, онда финалға дейін Нью-Йоркте толыққанды дайындық өткізуге бір күннен сәл ғана артық уақыт қалады. Бұл жағдай Лионель Скалони шәкірттерінің жаттығу процесіне әсер етуі мүмкін.
Ал финалдағы қарсыласы – Испания құрамасы Нью-Йоркке алдын ала жетіп, шешуші ойынға дайындықты бастап кеткен.
17 шілде күні таңертең ғана Аргентина футбол қауымдастығы ұлттық құраманың әуе кемесіне бет алған сәтінен фотосуреттер жариялады. Алайда әзірге команданың ұшып шыққаны немесе Нью-Йоркке қонғаны туралы ресми ақпарат берілген жоқ.
Еске салайық, 2026 жылғы әлем чемпионатының финалында қазіргі Еуропа чемпионы Испания мен әлем және Америка кубогының қазіргі жеңімпазы Аргентина кездеседі.
Екі құрама да топтық кезеңде бірінші орын алып, кейін плей-оффта сәтті өнер көрсетті. Испания финалға дейін Австрия, Португалия, Бельгия және Францияны негізгі уақытта жеңіп шықса, Аргентина да қарсыластарын тізе бүктіріп, шешуші кездесуге жолдама алды.