20.07.2026, 18:00

«Үзіліс аламын»: Аргентинаның бас бапкері жеңілістен кейін мәлімдеме жасады

Фото: Q Football

Ол ұлттық командадағы қызметін жалғастыру мәселесі әлі нақты шешілмегенін жеткізді. 

2026 жылғы футболдан Әлем чемпионатының финалында Испанияға 0:1 есебімен есе жібергеннен кейін Аргентина құрамасының бас бапкері Лионель Скалони алдағы жоспары жайлы айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Ол ұлттық командадағы қызметін жалғастыру мәселесі әлі нақты шешілмегенін жеткізді.

«Өзіме келетін болсам, ең алдымен бұл мәселені федерация президентімен талқылағым келеді. Әзірге желтоқсан айына дейін жұмысымды жалғастырып, одан кейін, мүмкін футболдан үзіліс алармын. Бәрін жақсылап қайта ойлану керек. Бұндай ұлы жетістікті тағы бір мәртсе қайталай аламын ба, жоқ па, оны білмеймін», – деді Скалони TyC Sports арнасына берген сұхбатында.

Маманның айтуынша, Аргентина құрамасын жаттықтыру – кез келген бапкер үшін үлкен мәртебе. Оның сөзінше, жаттықтырушылар штабы мен футболшылар әлем чемпионатында соңғы минутқа дейін бар күшін салған.

«Желтоқсанға дейін әлі уақыт бар. Соңғы апталарда біз толықтай Әлем чемпионатына және футболшылардың ойынын талдауға назар аудардық. Сондықтан менің болашағыма қатысты сұрақ қазір мен үшін де, федерация үшін өзекті болып тұрған жоқ», – деп толықтырды бапкер.

Лионель Скалони Аргентина ұлттық құрамасын 2018 жылдың тамызынан бері жаттықтырып келеді. Оның жетекшілігімен команда 2021 және 2024 жылдары Америка кубогын жеңіп алып, 2022 жылы Қатарда өткен әлем чемпионатында топ жарды. Ал биылғы мундиальда аргентиналықтар финалға дейін жетті.

Айта кетейік, Скалонидің Аргентина футбол қауымдастығымен жасасқан келісімшарты 2026 жылдың желтоқсанына дейін күшінде.

Бұған дейін әлем чемпионатынан кейін Франция құрамасының бас бапкері Дидье Дешамның да қызметінен кететіні хабарланған болатын. Ақпаратқа сәйкес, оның орнына Франция ұлттық командасын Зинедин Зидан басқаруы мүмкін.