Финалдық матчынан кейін Месси шешімін командаластарына хабарлаған.
Аргентина құрамасының көшбасшысы, әлем футболының аңызы Лионель Месси ұлттық құрамадағы мансабын аяқтау туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
2026 жылғы әлем чемпионатының Испанияға қарсы өткен финалдық матчынан кейін Месси шешімін командаластарына хабарлаған. Дереккөздің мәліметінше, ол киім ауыстыратын бөлмеде барлық ойыншыларды жинап, бұл кездесудің Аргентина құрамасы сапындағы соңғы ойыны болғанын айтқан.
Еске салайық, әлем чемпионатының финалы 20 шілдеге қараған түні АҚШ-тың Нью-Джерси штатындағы Ист-Ратерфорд қаласында орналасқан «Метлайф» стадионында өтті.
Финал аса тартысты өтті. Негізгі уақытта екі команда да есеп аша алмады. Ойын барысында Аргентина құрамасы Энцо Фернандестің қызыл қағаз алуынан кейін азшылықта қалды.
Қосымша уақытта Испания алғашында 97-минутта гол соққанымен, төреші шабуыл кезінде ереже бұзылғанын анықтап, голды есепке алмады. Алайда 106-минутта Ферран Торрес қарсылас қақпасын дәл көздеп, Испанияны алға шығарды. Бұл кездесудегі жалғыз гол болып, матч 1:0 есебімен аяқталды.
Ойыннан кейін Аргентина футболшылары ұзақ уақыт алаңнан кетпеді. Сол сәтте Лионель Месси эмоциясына ерік беріп, көз жасына ие бола алмады.
Матч аяқталған соң аргентиналық шабуылшы әлеуметтік желідегі парақшасында жанкүйерлеріне алғыс айтып, Испания құрамасын әлем чемпионы атануымен құттықтады.