21.07.2026, 20:30

Жәнібек Әлімханұлы неге чемпиондық атақтан бас тартты?

Фото: Әлеуметтік желі

Бұл салмақта танымал боксшылар көп.

Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясы Жәнібек Әлімханұлының WBO тұжырымы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы атағынан өз еркімен бас тартып, екінші орта салмаққа ауысу шешімінің себебін түсіндірді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Федерация президенті Рахымжан Ерденбековтің айтуынша, бұл қадам көпшілікті таңғалдырғанымен, стратегиялық тұрғыдан толықтай негізделген.

Оның пікірінше, Әлімханұлы орта салмақта өз мүмкіндігін толық дәлелдеп үлгерген. Сондықтан мансабын танымалдығы төмен қарсыластармен титул қорғауға арнаудың қажеті жоқ.

Ерденбековтің сөзінше, қазақстандық боксшының басты мақсаты – суперорта салмақтағы ең ірі жекпе-жектерге жол ашу және дивизион көшбасшысы Сауль «Канело» Альвареспен кездесуге мүмкіндік алу.

Өз кезегінде Жәнібек Әлімханұлы да әлеуметтік желідегі жазбасында жаңа салмақ дәрежесіне ауысудың белгілі бір мақсатпен қабылданғанын мәлімдеді.

«Бұл салмақта танымал боксшылар көп. Бұрын менімен бір дивизионда болған кейбір жігіттер қазір осы салмақта чемпион атанып жүр. Енді оларды біраз қинайық. Бұл шешімді Америкадағы командамызбен, промоутерімізбен және менеджерімізбен ақылдаса отырып қабылдадық. Нақты мақсатымыз бар. Бұған дейін де айтқанымыздай, мүмкіндік болса, 3-4 салмақ дәрежесінде чемпион атанғымыз келеді», – деді Әлімханұлы.

Айта кетейік, Сауль «Канело» Альварес кезінде орта салмақта өнер көрсетіп, қазақстандық Геннадий Головкинмен әйгілі трилогия өткізген. Қазір мексикалық боксшы суперорта салмақта жұдырықтасады. Бұл дивизионда бұрын орта салмақта танылған Хамза Шираз да өнер көрсетіп жүр.