$ 470.28  537.53  5.99

«Оның шеберлігіне тәнті болды»: «Челси» аңызы жас ойыншы Дастан Сәтпаев туралы айтты

Ол "Челсиде" қалып, өз орнын дәлелдеуі керек.

Фото: Offside.kz
Фото: Offside.kz

"Челси" клубының аңыз ойыншысы Дидье Дрогба қазақстандық жас футболшы Дастан Сәтпаевтың болашағына қатысты пікір білдірді. Оның ойынша, 17 жастағы шабуылшы басқа командаға жалға берілмей, лондондық клубта қалып, негізгі құрамдағы орны үшін күресуі керек, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

CFC F_Boy порталының мәліметінше, Дрогба Дастан Сәтпаевтың ойынын бақылап жүр. Ол қазақстандық футболшының Чемпиондар лигасында мадридтік "Реалға" қарсы өткізген кездесуіне ерекше назар аударған.

Дидье Дрогба жас шабуылшының шеберлігіне жоғары баға беріп, "Челси" басшылығы оған сенім артуы қажет екенін айтқан.

"Оның дамуы үшін "Челсиден" артық клуб жоқ. Чемпиондар лигасында "Реалға" қарсы қалай ойнағанын бәріміз көрдік. Тәжірибелі қарсыластың өзі оның шеберлігіне тәнті болды", – деді Дрогба.

Бұрынғы шабуылшының пікірінше, Дастан Сәтпаевтың жоғары деңгейде өнер көрсетуіне қажетті қабілеті, өзіне деген сенімі және мінезі бар.

Дрогба қазақстандық футболшыға жеткілікті ойын уақыты берілсе, оның негізгі құрамдағы бәсекеге төтеп бере алатынына сенетінін жеткізді.

"Ол "Челсиде" қалып, өз орнын дәлелдеуі керек. Оған мүмкіндік беріп, алаңға шығару қажет. Сонда оның қандай деңгейге көтеріле алатынын көресіздер", – деді ол.

Сондай-ақ Дидье Дрогба Дастан Сәтпаевты өзге клубқа жалға беру дұрыс шешім болмайтынын атап өтті. Ол "Челси" басшылығы жас ойыншының Лондонда дамуына жағдай жасайды деп үміттенетінін білдірген.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0