Алаң иелері небәрі 13-минутта есеп ашып кетті.
«Қайраттың» бас бапкері Рафаэль Уразбахтин УЕФА Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңінде Кипрдің «Омониясынан» жеңілгеннен кейін қарымта матчқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Чемпиондар лигасы іріктеу кезеңінің екінші айналымында Алматының «Қайраты» Кипрге барып, жергілікті «Омониядан» жеңіліп қалды.
Алаң иелері небәрі 13-минутта есеп ашып кетті. Жартылай қорғаушы Андреу Панайотис айып алаңының сыртынан шірене тартып, қақпаның бұрышын дәл көздеді, есеп – 1:0.
Алматылық клуб сырт алаңдағы кездесуде жеңіліске ұшырағаннан кейін Уразбахтин матчтың алғашқы бөлігінде команда өз деңгейінде өнер көрсете алмағанын айтты.
«Бірінші тайм біз үшін сәтсіз өтті. Бірақ бұл тек алғашқы ойын. Алда жауапты қарымта кездесу бар. Сондықтан өз алаңымызда әлдеқайда сапалы ойын көрсетіп, өзімізге тиімді нәтижеге қол жеткізуге бар күшімізді саламыз. Өз жанкүйерлеріміз бен стадионымыздың қолдауына сенім артамыз», – деді Уразбахтин.
Еске салайық, «Қайрат» пен «Омония» арасындағы қарымта кездесу Алматыда өтеді. Онда қазақстандық клуб келесі кезеңге жолдама алу үшін сырт алаңдағы сәтсіздіктің есесін қайтаруға тырысады.