Криштиану Роналду мен Джорджина Родригес қарым-қатынастарын 2017 жылы жариялаған.
Әлеуметтік желілерде футбол жұлдызы Криштиану Роналду мен оның сүйіктісі Джорджина Родригестің жақын күндері ресми түрде некесін қиятыны туралы ақпарат қызу талқылануда, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Бірқатар шетелдік дереккөздің мәліметінше, жұлдызды жұп 1 тамызда Португалияның Синтра қаласында үйлену тойын өткізуді жоспарлап отыр. Бұл жаңалықты бірнеше БАҚ таратып, салтанатты рәсімге шақырылуы мүмкін қонақтардың тізімін де жариялады.
Болжам бойынша, тойға футболшы Килиан Мбаппе, UFC жұлдыздары Хабиб Нурмагомедов пен Конор Макгрегор, сондай-ақ әншілер Рианна, Дженнифер Лопес, Дрейк және Трэвис Скотт қатысуы мүмкін.
Алайда әзірге Роналду мен Джорджина да, беделді халықаралық басылымдар да тойдың нақты күніне қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ.
Еске салсақ, өткен жылы Роналду үйлену тойын Әлем чемпионаты аяқталғаннан кейін өткізуді жоспарлап отырғанын айтқан болатын. Кейбір ақпарат көздері салтанатты шара қыркүйек айында өтуі мүмкін екенін де жазған.
Жақында футболшының отбасымен бірге жеке ұшақпен белгісіз бағытқа ұшып кеткені туралы ақпарат тарады. Бұл жағдай үйлену тойы туралы қауесетті одан әрі күшейте түсті.
Криштиану Роналду мен Джорджина Родригес қарым-қатынастарын 2017 жылы жариялаған. Содан бері олар әлемдегі ең танымал әрі үлгілі жұлдызды жұптардың бірі саналады.
Қазір жұп бес бала тәрбиелеп отыр. Алана Мартина мен Белла Эсмеральда – Роналду мен Джорджинаның ортақ қыздары. Ал Криштиану Роналду – кіші, сондай-ақ егіздер Ева Мария мен Матео суррогат ананың көмегімен дүниеге келген, оларды Джорджина тәрбиелеуге атсалысып келеді.
2025 жылдың тамызында Джорджина Родригес әлеуметтік желіде Роналдудың өзіне ұсыныс жасағанын жариялап, неке жүзігін көрсетті. Оның айтуынша, ол бұл ерекше сәтті он жыл бойы күткен.
Кейінірек Роналду да үйлену тойы міндетті түрде өтетінін, бірақ оны Әлем чемпионатынан кейін ұйымдастыруды жоспарлағанын айтқан еді.