$ 474.63  544.5  5.92

Головкин ресейлік боксшылардың Олимпиада мен Әлем чемпионатына қатысуына рұқсат берді

Оның айтуынша, мұндай шешімді World Boxing федерациясы қабылдаған.

Фото: ҰОК
Фото: ҰОК

Ресей боксшылары енді халықаралық жарыстарға ұлттық туы мен әнұранының сүйемелдеуімен қатыса алады. Бұл туралы Ресейдің спорт министрі әрі Ресей Олимпиада комитетінің төрағасы Михаил Дегтярев мәлімдеді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Оның айтуынша, мұндай шешімді World Boxing федерациясы қабылдаған.

«Ресей боксы әлемдік аренаға қайта оралып жатыр. World Boxing біздің спортшыларға барлық жас санатында халықаралық жарыстарға ұлттық ту мен әнұран аясында қатысуға рұқсат берді. Ресей бокс федерациясы WB ұйымының толыққанды мүшелігіне 2026 жылдың басында қабылданды.

Қалыпты спорттық байланыстарды қалпына келтіру мәселесін біз World Boxing президенті, Қазақстан Ұлттық олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкинмен 2026 жылдың қаңтарында Ташкентте өткен кездесуде талқыладық.

Халықаралық федерацияның бұл шешімі ерекше маңызды. Себебі дәл осы World Boxing ұйымына Халықаралық олимпиада комитеті Олимпиада ойындарындағы бокс турнирін өткізу құқығын берген. Ресей бокс федерациясының WB ұйымындағы толыққанды мүшелігі ресейлік былғары қолғап шеберлеріне халықаралық жарыстар күнтізбесіне, соның ішінде Олимпиада цикліне толыққанды қатысуға жол ашады.

Біз ресейлік спортты әлемдік спорт қауымдастығына кезең-кезеңімен қайта интеграциялау жұмысын жалғастырып жатырмыз», – деп жазды Михаил Дегтярев өзінің Telegram-арнасында.

Бұған дейін Халықаралық олимпиада комитеті Ресей Олимпиада комитетінің мүшелігін қалпына келтіріп, халықаралық спорт федерацияларына ресейлік спортшылардың жарыстарға қатысуына қойылған шектеулерді алып тастауды ұсынған болатын.

Еске салайық, 2022 жылы Ресейдің Украинаға басып кіруінен кейін халықаралық спорт ұйымдары ресейлік спортшыларға қатысты бірқатар шектеу енгізіп, оларды көптеген халықаралық жарыстардан шеттеткен еді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0