$ 473.59  544.68  5.94

«Күресе алмайды»: Ресейлік файтер Шавкатты сөз етті

Магомедовтың айтуынша, ирландиялық спортшының күрес деңгейі жоғары емес.

Фото: Sport24.ru
Фото: Sport24.ru

PFL ұйымының ресейлік файтері Амру Магомедов UFC-дің жартылай орта салмақтағы чемпиондық жекпе-жегіне қатысты пікір білдіріп, Ислам Махачев пен Иэн Гэрри арасындағы кездесуге болжам жасады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Магомедовтың айтуынша, ирландиялық спортшының күрес деңгейі жоғары емес. Ол бұл ойын Гэрридің бұған дейінгі жекпе-жектерін мысалға келтіре отырып жеткізді.

«Екі аптадан кейін Исламға күресе алатын қарсылас шығады ғой,» – деген пікірге Магомедов:

 Жоқ, ол күресе алмайды. Пратес оны қалай оңай аударып жатқанын көрмедің бе?» – деп жауап берді.

Ал Гэрридің Шавкат Рахмоновты тұншықтыру әдісіне түсіре жаздағаны туралы еске салғанда, ресейлік файтер:

«Жоқ. Шавкат тек бесінші раундтың соңында абайсызда қолайсыз жағдайға тап болды. Гэрридің күресі мықты емес. Меніңше, бұл жекпе-жек Исламның Маддаленамен өткізген кездесуіне ұқсас сценариймен аяқталады,» – деді.

Еске салайық, Шавкат Рахмонов пен Иэн Гэрри арасындағы кездесу 2024 жылдың желтоқсанында өтіп, қазақстандық файтердің төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңісімен аяқталған болатын. Сол жекпе-жектен кейін Рахмонов тізе буынындағы ауыр жарақатына байланысты октагонға қайта шыққан жоқ.

Ислам Махачев пен Иэн Гэрри арасындағы UFC-дің жартылай орта салмақтағы чемпиондық айқасы 16 тамыз күні АҚШ-тың Филадельфия қаласында өтетін UFC 330 турнирінің басты оқиғасы болады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0