$ 466.08  538.56  5.65

«Көгал емес, жыртылған атыз»: «Қайрат» матчы алдында стадион сынға қалды

Түркістан облысының әкімдігі қаланың маңызды матчты қабылдауға дайын екенін мәлімдеді.

Фото: Видео скриншот
Фото: Видео скриншот

11 тамызда алматылық «Қайрат» Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңіндегі шешуші матчта Болгарияның «Левски» клубын қабылдайды. Кездесу Түркістандағы «Түркістан Аренада» өтеді. Алайда ойын алдында стадионның табиғи көгалының жағдайы жанкүйерлер арасында алаңдаушылық туғызды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңіндегі алғашқы кездесуде «Қайрат» сырт алаңда «Левскиге» 0:1 есебімен жол берген. Қарымта матч Алматыда өтуі тиіс болғанымен, қаладағы Канье Уэст концертіне байланысты команданың өз алаңында ойнау мүмкіндігі болмады.

Осыған байланысты шешуші кездесу Түркістанда ұйымдастырылатын болды. Түркістан облысының әкімдігі қаланың маңызды матчты қабылдауға дайын екенін мәлімдеді.

Дегенмен, құны шамамен 39 миллион доллар болатын «Түркістан Арена» стадионының алаңы әлеуметтік желіде талқыланды. Бұған дейін дәл осы аренада өткен «Атырау» – «Ақтөбе» матчының трансляциясы кезінде табиғи көгалдың кей тұстарында ақаулар байқалған.

Кадрлардан қақпа маңындағы топырақтың көрініп қалғаны және көгалдың кей бөліктерінің жабыннан бөлініп жатқаны байқалады. Бұл жағдай жанкүйерлердің сынына себеп болды.

«Көгал емес, жыртылған атыз сияқты. «Қайрат» қалай ойнайды?» – деп жазды пікір қалдырушылардың бірі.

Айта кетейік, биыл «Түркістан Аренада» «Тұранның» ерлер және әйелдер командаларымен қатар, «Атырау» да өз матчтарын өткізіп жүр. Сондай-ақ стадион «Ақтөбе» клубының уақытша үй аренасына айналған.

Алаң жағдайына қатысты сауалына «Қайрат» клубы стадион қызметкерлеріне ешқандай шағымы жоқ екенін жеткізді.

«Алдымен, «Түркістан Арена» стадионының басшылығына және Түркістан облысының әкімдігіне қонақжайлылық танытып, барлық қалалық қызметтер тарапынан матчты өткізуге атсалысқаны үшін алғыс айтамыз. Олар өз тарапынан көгалды дайындау үшін қолдан келгеннің бәрін жасады: басқа командалардың жаттығу санын азайтып, әйелдер командасының матчын басқа уақытқа ауыстырды. Аптап пен бірнеше команданың жүктемесі жағдайында алаңды мінсіз күйде сақтау оңай емес екені түсінікті. Соған қарамастан, көгалды біздің ойынға барынша сапалы дайындау үшін үлкен жұмыс атқарылды», – деп мәлімдеді клуб өкілдері.

«Қайрат» пен «Левски» арасындағы қарымта кездесу 11 тамызда Түркістанда өтеді. Матч Қазақстан уақытымен сағат 20:00-де басталады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0