13.08.2026, 14:40

Бибісара Асаубаева АҚШ-тағы турнирде төртінші орында тұр

Фото: FIDE

Ал Бибісара Асаубаева 1,5 ұпаймен төртінші орыннан көрінген шахматшылар тобына кірді.

Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева АҚШ-тың Сент-Луис қаласында өтіп жатқан Cairns Cup 2026 турнирінің үшінші турында америкалық Элис Лимен кездесті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Қазақстандық гроссмейстер қара түспен ойнап, қарсыласымен тең нәтижеге қол жеткізді. Осылайша Асаубаева турнирдегі үш партиясының барлығын тең аяқтап, 1,5 ұпай жинады.

Бұған дейін ол бірінші турда Украина өкілі Анна Музычукпен, екінші турда Үндістан шахматшысы Вайшали Рамешбабумен тең түскен еді.

Үш турдан кейін Қытай өкілі Тань Чжунъи мен Элис Ли 2,5 ұпайдан жинап, турнир кестесінде көш бастап келеді. Үндістандық Дивья Дешмухтың еншісінде – 2 ұпай.

Ал Бибісара Асаубаева 1,5 ұпаймен төртінші орыннан көрінген шахматшылар тобына кірді. Бұл топта Анна Музычук, Карисса Ип және Ставрула Цолакиду да бар.

Қазақстандық шахматшыны турнирде әлі алты партия күтіп тұр. Асаубаева бүгін, 13 тамызда, Грекия өкілі Ставрула Цолакидумен, ал 14 тамызда Үндістан шахматшысы Хампи Конерумен ойнайды.

Айта кетейік, биылғы Cairns Cup турнирінің жалпы жүлде қоры 250 мың долларды құрайды.