13.08.2026, 23:30

«Мен өзімді таңдадым»: Ангелина Лукас спорттық мансабын тоқтатады

Фото: Offside.kz

Спортшы әлеуметтік желідегі жазбасында соңғы уақытта не себепті рингке шықпағанын түсіндірді.

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Ангелина Лукас мансабына уақытша үзіліс алатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Спортшы әлеуметтік желідегі жазбасында соңғы уақытта не себепті рингке шықпағанын түсіндірді.

Лукастың айтуынша, 2025 жыл ол үшін өте қарқынды өтті. Боксшы бір жыл ішінде алты кәсіпқой жекпе-жек өткізіп, әр айқасқа ұзақ әрі ауыр дайындық жүргізген. Үздіксіз сапарлар, жоғары физикалық жүктеме, жарақаттар, ауру, стресс пен эмоционалдық қысым оның денсаулығына айтарлықтай әсер еткен.

Ол өткен кезеңде сырт көзге тек жеңістер, белбеулер мен әдемі суреттер көрінгенімен, олардың артында үлкен физикалық және психологиялық қиындықтар болғанын атап өтті. Соған қарамастан Лукас жаттығуын жалғастырып, бірнеше рет ағзасының мүмкіндігі шегінде рингке шыққан.

Қазақстандық спортшының кәсіби мансабындағы маңызды жетістіктерінің қатарында IBO Super чемпионы атануы, WBC рейтингінде бірінші орынға шығуы және IBF рейтингінде көш бастауға көтерілуі бар. Сонымен бірге ол абсолютті әлем чемпионы атағы үшін жекпе-жекке бірінші үміткер атанғанын айтты.

Қазіргі уақытта Лукас Еуропада жүр. Ол саяхаттап, жаңа жобаларға көңіл бөліп, физикалық және эмоционалдық тұрғыдан қайта қалпына келуге уақыт арнауда.

Боксшы мансабын аяқтау туралы ойы жоқ екенін де нақтылады. Оның басты мақсаты — толықтай қалпына келіп, рингке тек маңызды мақсатпен оралу. Лукас кәсіби мансабын абсолютті әлем чемпионы атағын жеңіп алумен аяқтауды көздейтінін мәлімдеді.

«Қазір мен өзімді таңдадым. Маған күшімді, тыныштығымды және рингке шығуды шын жақсы көретін Ангелинаны қайта табу керек», — деді ол.

Спортшының сөзінше, ол міндетті түрде рингке оралады. Алайда бұл тек толық қалпына келгеннен кейін және абсолютті әлем чемпионы атағы үшін күресуге дайын болған кезде жүзеге асады.