Төрт турдан кейін қазақстандық шахматшы 2,5 ұпай жинап, турнир кестесінде екінші орында тұр
АҚШ-тың Сент-Луис қаласында өтіп жатқан Cairns Cup 2026 шахмат супертурнирінде қазақстандық Бибісара Асаубаева алғашқы жеңісін тіркеді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Төртінші турда Бибісара Асаубаева ақ тастармен Швейцария атынан сынға түсіп жатқан Александра Костенюкке қарсы ойнап, қарсыласын жеңді. Костенюк FIDE рейтингінде 12-орында тұр.
Осыған дейін қазақстандық шахматшы үш турда да тең нәтиже көрсеткен еді. Бірінші турда Асаубаева қара тастармен Украина өкілі Анна Музычукпен тең түсті.
Екінші турда ол ақ тастармен Үндістан шахматшысы Вайшали Рамешбабумен кездесіп, партияны тең аяқтады. Үшінші турда америкалық Элис Лиге қарсы қара тастармен ойнап, тағы бір ұпайды бөлісті.
Төрт турдың қорытындысы бойынша Бибісара Асаубаева 2,5 ұпай жинап, турнир кестесінде екінші орында келеді. Көш бастап тұрған Қытай өкілі Тань Чжунъидің еншісінде 3,5 ұпай бар.
Турнирдегі қазіргі жағдай:
Тань Чжунъи (Қытай) — 3,5 ұпай; Бибісара Асаубаева (Қазақстан) — 2,5 ұпай; Дивья Дешмукх (Үндістан) — 2,5 ұпай; Ставрула Цолакиду (Грекия) — 2,5 ұпай; Элис Ли (АҚШ) — 2,5 ұпай; Анна Музычук (Украина) — 2 ұпай; Кларисса Ип (АҚШ) — 2 ұпай; Конеру Хампи (Үндістан) — 1,5 ұпай; Вайшали Рамешбабу (Үндістан) — 1 ұпай; Александра Костенюк (Швейцария) — 0 ұпай.Айта кетейік, Cairns Cup биыл алтыншы рет ұйымдастырылып отыр. Турнирдің жалпы жүлде қоры — 250 мың АҚШ доллары.