18.08.2026, 10:00

Қазақстан жасөспірімдері әртістік жүзуден әлем чемпионатында 4 медаль жеңіп алды

Фото: olympic.kz

Осы нәтижемен Қазақстан жалпы медальдар кестесінде төртінші орынға тұрақтады.

Будапеште (Венгрия) әртістік жүзуден жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Қазақстан құрамасы жарысты төрт жүлдемен қорытындылады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Ұлттық құрама қоржынына екі күміс және екі қола медаль түсті. Осы нәтижемен Қазақстан жалпы медальдар кестесінде төртінші орынға тұрақтады.

Жарыста Ресей құрамасы 9 алтын және 1 қола медальмен топ жарды. Екінші орынға 2 алтын, 4 күміс және 4 қола медаль еншілеген Испания жайғасты. Ал Қытай құрамасы 5 күміс және 2 қола медальмен үздік үштікті түйіндеді.

Қазақстандық спортшылар арасынан Алдияр Рамазанов пен Ясмина Исламова еркін бағдарламадағы жұптық сында күміс жүлдеге ие болды. Сонымен қатар еліміздің құрамасы акробатикалық бағдарламада екінші орын алды.

Ал Виктор Друзин техникалық және еркін бағдарламаларда қола медаль жеңіп алып, әлем чемпионатында екі мәрте жеңіс тұғырына көтерілді.