18.08.2026, 12:00

Асаубаева АҚШ-тағы супертурнирде екінші орынға көтерілді

Фото: Әлеуметтік желі

Енді Бибісараны екі маңызды партия күтіп тұр. 

Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева АҚШ-тың Сент-Луис қаласында өтіп жатқан Cairns Cup 2026 супертурнирінің жетінші турында жеңіске жетті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Ақ тастармен ойнаған қазақстандық грекиялық Ставрула Цолакидуны 1:0 есебімен жеңіп, турнирлік қоржынына бір ұпай қосты.

Осы жеңістен кейін Асаубаева 4,5 ұпай жинап, жарыс кестесінде төртінші орыннан екінші сатыға көтерілді. Көш басында 5,5 ұпайы бар Қытай өкілі Тань Чжунъи тұр.

Енді Бибісараны турнир тағдырына тікелей әсер ететін екі маңызды партия күтіп тұр. Ол 18 тамызда көшбасшы Тань Чжунъимен, ал 19 тамызда Үндістан өкілі Хампи Конерумен кездеседі.

Егер тоғыз турдың қорытындысы бойынша бірінші орынды бірнеше шахматшы бөліссе, жеңімпазды анықтау үшін 20 тамызда тай-брейк өткізіледі.

Айта кетейік, Асаубаеваның жетінші турдағы қарсыласы Ставрула Цолакиду — 14, 16 және 18 жасқа дейінгі қыздар арасында үш дүркін әлем чемпионы. Сондай-ақ ол әйелдер арасындағы гроссмейстер және халықаралық шебер атақтарына ие.

Cairns Cup 2026 турнирі айналмалы жүйемен өтіп жатыр. Биылғы жарыстың жалпы жүлде қоры 250 мың долларды құрайды.