60 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін Сметов бірден бес орынға сырғып, 114-сатыға орналасты.
Қазақстандық дзюдошы, Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов Халықаралық дзюдо федерациясы (IJF) жаңартқан әлемдік рейтингте тағы бірнеше сатыға төмендеді,
60 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін Сметов бірден бес орынға сырғып, 114-сатыға орналасты. Осылайша ол кәсіби мансабында алғаш рет әлемдік рейтингтің үздік 100 дзюдошысының қатарына кіре алмады. Қазіргі таңда қазақстандық спортшының қоржынында 252 ұпай бар. Дәл осындай көрсеткішпен жапониялық Рен Йокои де 114-орынды бөлісіп тұр.
Олимпиада чемпионының рейтингтегі позициясының әлсіреуіне халықаралық жарыстарға ұзақ уақыт қатыспауы себеп болған. IJF ережесіне сәйкес, спортшылардың бұрын жинаған ұпайлары белгілі бір уақыт өткен соң рейтингтен кезең-кезеңімен алынып тасталады.
Елдос Сметов 2024 жылы Париж Олимпиадасында чемпион атанғаннан кейін халықаралық жарыстарға ұзақ уақыт қатыспады. Нәтижесінде оның рейтингтік ұпайлары азайып, әлемдік тізімдегі көрсеткіші төмендей түсті.
2026 жылдың маусымында Сметов рейтингте 40-орынға дейін түскен болатын. Кейін Қытайда ұйымдастырылған Гран-при турниріне қатысып, 30-сатыға көтерілді. Алайда кейін ескі ұпайларының есептен шығарылуына байланысты қайтадан төмендеді.
Елдос Сметов мансабының шарықтау кезеңінде 60 келіге дейінгі салмақта әлемдік рейтингтің бірінші орнына дейін көтерілген. Әлем чемпионы атанғаннан кейін ол өз салмағындағы ең үздік дзюдошы мәртебесіне ие болған еді.
Қазіргі рейтингте 60 келіге дейінгі салмақтың көшін 4620 ұпайы бар әзербайжандық Балабей Агаев бастап тұр. Екінші орында 3880 ұпаймен ресейлік Аюб Блиев болса, үздік үштікті 3670 ұпай жинаған тағы бір әзербайжандық дзюдошы Ахмед Юсифов түйіндеді.
Айта кетейік, Елдос Сметов – үш Олимпиада ойындарында жүлде алған Қазақстан спортшысы. Ол 2016 жылы Рио Олимпиадасында күміс, 2020 жылы Токиода қола медаль иеленіп, 2024 жылы Парижде Олимпиада чемпионы атанды.