Спортшы жол-көлік оқиғасы туралы Instagram парақшасында бөлісті.
Биатлон мен шаңғы жарысынан қысқы Паралимпиада чемпионы Ербол Хамитов Италияның Ливиньо қаласында жол-көлік оқиғасына тап болды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Қазақстандық паралимпиадашы жаңа маусымға дайындық аясында аталған өңірде оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Айта кетейік, дәл осы Ливиньода 2026 жылғы Паралимпиада ойындары өтіп, Ербол Хамитов чемпион атанған.
Спортшы жол-көлік оқиғасы туралы Instagram парақшасында бөлісті. Оның айтуынша, жаттығудан кейін қонақүйге велосипедпен қайтып келе жатқан кезде оқыс жағдай болған.
Ербол Хамитов айналма жолға жақындаған сәтте жол жиегінде тұрған минивэн кенет қозғалып, велосипедшінің алдынан шыққанын айтты. Спортшының сөзінше, көлік жүргізушісі оны көргенімен, жол бермеген.
«Mercedes минивэні соғып кетіп, ештеңе болмағандай кетіп қалды. Мен де жолымды жалғастыра бердім. Кейін жалға алған велосипедтің дөңгелегі майысып қалғанын байқадым. Велосипедті жалға берген жерге барып, болған жағдайды түсіндіріп, видеоны көрсеттім. Осылайша өзімнің кінәсіз екенімді дәлелдедім. Минивэн жүргізушісі оқиға орнынан кетіп қалған екен. Жалға беруші полиция шақырмақ болды. Бірақ мен бәріміз аман-есен екенімізді айтып, жүргізушіні жазаламауды өтіндім», – деді спортшы.
Оқиға салдарынан велосипедтің дөңгелек дискісі майысқан. Спортшы жөндеу шығынын өзі өтеуге мәжбүр болған.
Ербол Хамитов жүргізушілерді жолда велосипедшілерге мұқият болуға шақырды.
«Ең бастысы, ешкім зардап шеккен жоқ, тек велосипед бүлінді. Барлық жүргізушілерге айтарым: егер адамды қағып кетсеңіздер, міндетті түрде тоқтау керек», – деп қорытындылады паралимпиада чемпионы.