Том Гэлмнің пікірінше, дәл осы тұста Шираз командасы басқа бағытты таңдауы мүмкін.
Boxingnews24.com журналисі Том Гэлм қазақстандық Жәнібек Әлімханұлының WBO тұжырымы бойынша екінші орта салмақтағы әлем чемпионы Хамза Шираз үшін аса тартымды қарсылас болмауы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Оның пікірінше, бұған Жәнібектің спорттық деңгейі емес, жекпе-жектің коммерциялық әлеуеті әсер етуі ықтимал. Қазақстандық боксшы шеберлігі мен соққы қуаты жағынан Ширазға үлкен қауіп төндіргенімен, оның медиялық аудиториясы мұндай тәуекелді ақтайтындай деңгейде емес деп бағаланып отыр.
WBO тараптарды келіссөзге міндеттеді
Өткен аптада WBO Жәнібек Әлімханұлын Хамза Шираздың чемпиондық белбеуіне міндетті үміткер ретінде бекітті. Ұйым екі тарапқа келіссөз жүргізуді тапсырған. Егер боксшылардың өкілдері 20 күн ішінде келісімге келе алмаса, жекпе-жекті ұйымдастыру құқығы промоутерлік саудаға шығарылады.
Том Гэлмнің пікірінше, дәл осы тұста Шираз командасы басқа бағытты таңдауы мүмкін. Себебі Жәнібекпен кездесу – спорттық тұрғыдан өте күрделі, ал қаржылық жағынан аса тиімді емес нұсқа.
«Әлімханұлы бизнес тұрғысынан тартымдылығы төмен жекпе-жекті білдіреді. Оның Ширазды жеңуге жететін шеберлігі де, күші де бар. Бірақ бұл тәуекелді ақтайтындай аудиториясы жеткіліксіз. Жәнібекті жеңу Шираздың нағыз бокс жанкүйерлері арасындағы беделін арттырар еді, алайда жеңіліс оның әлдеқайда табысты жекпе-жектерге қатысты жоспарына кедергі келтіруі мүмкін. Жәнібек үшін негізгі мәселе — Ширазды рингке шығара білу», – деп жазды журналист.
Жәнібек үшін басты мәселе – жекпе-жектің өтуі
Осылайша, Әлімханұлы үшін қазіргі басты міндет – чемпиондық жекпе-жекті нақты бекіту. Себебі сарапшының бағалауынша, қазақстандық боксшы рингте Шираз үшін өте қауіпті қарсылас саналғанымен, коммерциялық тұрғыдан британдықтың командасына тиімді таңдау болмауы мүмкін.
Енді бар назар WBO белгілеген келіссөз мерзіміне аударылады. Егер тараптар ортақ мәмілеге келе алмаса, чемпиондық жекпе-жектің тағдыры промоутерлік сауда арқылы шешіледі.