Оның қарсыласы – жергілікті боксшы Джексон Ингленд.
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Сұлтан Зауырбек 26 қыркүйекте Аустралияда маңызды жекпе-жек өткізеді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Оның қарсыласы – жергілікті боксшы Джексон Ингленд.
Бұл кездесуде IBF нұсқасы бойынша екінші жеңіл салмақтағы әлем чемпионы атағына міндетті үміткер анықталады. Зауырбек бұл жекпе-жекке бір жыл бойы дайындалғанын айтты.
«1 жыл. 365 күн. Бір мақсат. Бір жыл бойы осы күнді күттім. Күн сайын дайындалдым, ауыр жаттығулардан өттім, өзімді сынадым. Енді күткен уақыт келді. Жекпе-жек уақыты. Енді сөз емес – іс көрсететін кез. Еңбектің нәтижесін рингте көрсетемін. 1 жыл күттім. Енді соңына дейін барамын», – деп жазды боксшы.
Жекпе-жек Квинсленд штатындағы Surfers Paradise қаласында өтеді. IBF рейтингінде Ингленд төртінші, ал Зауырбек үшінші орында тұр.
Сұлтан Зауырбек кәсіпқой рингте 20 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Оның 13-ін нокаутпен аяқтаған. Ал Джексон Инглендтің қоржынында 19 жеңіс және 3 жеңіліс бар.
Осылайша, Аустралиядағы айқас қазақстандық боксшыға әлем чемпиондығына таласуға бір қадам жақындауға мүмкіндік береді.