Брюссельде өткен кездесу 3:0 есебімен алаң иелерінің пайдасына аяқталды.
Алматылық «Қайрат» Еуропа лигасының плей-офф кезеңіндегі қарымта матчта бельгиялық «Андерлехтке» ірі есеппен есе жіберді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Брюссельде өткен кездесу 3:0 есебімен алаң иелерінің пайдасына аяқталды. Алғашқы голды Михайло Цветкович 45+2-минутта соқты. Екінші таймда Даниил Сикан есепті еселей түссе, 71-минутта Жульен Бьянкон матчтың соңғы нүктесін қойды.
Алматыда өткен алғашқы ойында да «Қайрат» дәл осындай 0:3 есебімен жеңілген еді. Екі матчтың қорытындысы бойынша 6:0 есебімен басым түскен «Андерлехт» Еуропа лигасының негізгі кезеңіне жолдама алды.
Ал «Қайрат» биылғы маусымда Конференция лигасында өнер көрсетеді. Екі турнирдің жеребесі 28 тамызда өтеді.
Айта кетейік, алматылық клуб еурокубоктағы жолын Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінен бастаған. Рафаэль Уразбахтин шәкірттері «Сутьеска» мен «Омонияны» жеңгенімен, үшінші іріктеу кезеңінде «Левскиге» есе жіберіп, Еуропа лигасына ауысқан болатын.