30.08.2026, 15:30

Абылайхан Жұбаназар дзюдодан Grand Slam турнирінің жеңімпазы атанды

Фото: ijf.org

81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен 26 жастағы қазақстандық спорттық мансабында алғаш рет осы деңгейдегі жарыстың чемпионы атанды.

Қазақстандық дзюдошы Абылайхан Жұбаназар Швейцарияда өткен беделді Grand Slam («Үлкен дулыға») сериясындағы турнирде алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен 26 жастағы қазақстандық спорттық мансабында алғаш рет осы деңгейдегі жарыстың чемпионы атанды.

Шешуші белдесуде Абылайхан Жұбаназар Өзбекстан өкілі Арслонбек Тожиевпен кездесті. Текетіреске толы белдесудің негізгі уақытында спортшылар бір-бір «шидо» ескертуін алып, ұзақ уақыт нәтижелі әрекет жасай алмады. Кездесу тағдыры соңғы секундтарда шешіліп, отандасымыз «юко» ұпайын еншілеп, жеңісті жұлып алды.

Турнир барысында Абылайхан Жұбаназар чехиялық Петр Младыны, украиналық Владислав Колобовты, грузиялық Заур Двалашвилиді және россиялық Егор Сухопаровты қапы қалдырды. Ал жартылай финалда Біріккен Араб Әмірліктерінің намысын қорғайтын Георгий Элбакиевтен басым түсіп, финалға жолдама алған болатын. Айта кетейік, бұл – Абылайханның осы маусымдағы үшінші ірі жүлдесі. Ол ақпан айында Париждегі Grand Slam турнирінде және сәуірдегі Азия чемпионатында қола медаль иеленген еді.

Осы салмақта ел намысын қорғаған Әділет Алмат алғашқы кездесуде Италия балуаны Винченцо Пеллиграны жеңгенімен, келесі кезеңде қола жүлдегер атанған әзербайжандық Омар Раджаблиге есе жіберді. Ал 73 келіде Бақытжан Абдурахманов финн спортшысы Валттери Олинді жеңіп, кейін әлемдік рейтинг көшбасшысы тәжікстандық Мухиддин Асадуллоевтен ұтылды. Осы салмақтағы Аңсарбек Ғайнуллин де алғашқы белдесуінде бельгиялық Рэй Маринкске жол берді.

Әйелдер арасындағы бәсекеде Ажар Асхат (70 кг) германиялық Мириам Буткерейтке, ал Дана Әбдірова (57 кг) ұлыбританиялық Аселья Топракқа есе жіберіп, жарысты ерте аяқтады. Алғашқы жарыс күнінде ерлер арасында Шерзод Давлатов (60 кг) жартылай финалға дейін жетіп, 5-орынды місе тұтса, Ақылжан Жұбатқанов (66 кг) 7-орынға тұрақтады.

Тегтер: дзюдо дзюдошы