31.08.2026, 10:20

US Open: Бублик екінші айналымға өтті, Шевченко жарысты аяқтады

Фото: NUR.KZ

Қазақстан атынан алғашқы күні кортқа Александр Бублик пен Александр Шевченко шықты.

Нью-Йоркте теннистен маусымның соңғы «Үлкен дулыға» турнирі – US Open-нің алғашқы жарыс күні аяқталды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Қазақстан атынан алғашқы күні кортқа Александр Бублик пен Александр Шевченко шықты.

Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик алғашқы кездесуінде америкалық Джей Джей Вульфпен ойнап, қарсыласын 6:4, 6:2, 3:6, 6:1 есебімен жеңді. Алғашқы екі сетте қазақстандық теннисші сенімді басымдық танытқанымен, үшінші партияда америкалық есепті қысқартты. Дегенмен Бублик төртінші сетте ойынды толық бақылауына алып, матчты жеңіспен аяқтады.

Ал Александр Шевченко хорватиялық Дино Прижмичке үш сетте де есе жіберіп, US Open турнирін бірінші айналымда аяқтады.

Екінші айналымда Бублик аргентиналық Тьяго Агустин Тиранте мен француз Адриан Маннарино арасындағы кездесудің жеңімпазымен жолығады.