02.09.2026, 15:20

Көшпенділер ойындары: Қазақстан алғашқы алтын медальді жеңіп алды

Фото: worldnomadgames.kz

Кәрім Нұрталап финалда қырғыз спортшысын жеңді. 

Қазақстан құрамасы VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында алғашқы алтын медалін еншіледі. Аударыспақтан сынға түскен Кәрім Нұрталап финалда қырғыз спортшысын жеңіп, жарыс чемпионы атанды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Шешуші бәсекеде отандасымыз қарсыласынан басым түсіп, Қазақстан қоржынына дүбірлі доданың алғашқы алтын жүлдесін салды.

Аударыспақ – қазақ халқының дәстүрлі ұлттық ат спорты. Жарыс барысында балуандар ат үстінде қарсыласын белдесіп, тепе-теңдікті сақтап, ептілік пен атты шебер басқару қабілетін көрсетеді.

VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары биыл Қырғызстанда ұйымдастырылуда. Халықаралық дода 31 тамызда басталып, 6 қыркүйекке дейін жалғасады. Жарыстың ашылу салтанаты Бішкектегі «Бішкек Арена» стадионында өтті.

1 қыркүйекте спортшылар Ыстықкөл облысындағы Шолпан-Ата қаласына орналастырылды. Негізгі жарыстар мен мәдени іс-шаралар 2-6 қыркүйек аралығында Шолпан-Ата мен Ыстықкөл өңірінде өтеді.

Жабылу салтанаты 6 қыркүйекте Ыстықкөл жағасында ұйымдастырылады.

Биылғы ойындарға әлемнің 113 елінен шамамен 3 мың спортшы қатысып жатыр. Жарыс бағдарламасына ұлттық және дәстүрлі спорттың 43 түрі енгізілген.

Олар ат спорты мен ат жарыстарын, ұлттық күрес түрлерін, күш сынасу сайыстарын, зияткерлік ойындарды, дәстүрлі садақ атуды, құсбегілік пен аңшылықты және басқа да этноспорттық бәсекелерді қамтиды.