Бұған дейін жас қорғаушыға Бельгия мен Германия клубтары қызығушылық танытқан.
Қазақстан жасөспірімдер құрамасының қорғаушысы Джан Ходжаоглу мансабын Түркияның әйгілі «Галатасарай» клубында жалғастырады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
ASnews.kz мәліметінше, 17 жастағы футболшы швейцариялық «Сьоннан» кетіп, «Галатасарайдың» 19 жасқа дейінгі командасымен келісімшарт жасасқан.
Оң қапталда ойнайтын Ходжаоглу түркиялық клубтың резервтік құрамына қосылды. Сондай-ақ оның УЕФА Жастар лигасына қатысатын ойыншылар тізіміне енгізілгені хабарланды. «Галатасарай» 2026/27 жылғы турнирге қатысады, алайда УЕФА сайтында клубтың ресми өтінімі әзірге жарияланған жоқ.
Ходжаоглу Түркияның жастар чемпионатында тағы екі қазақстандық футболшымен бір дивизионда өнер көрсетеді. Олар — «Бешикташтың» ойыншысы Аламгир Смақов пен «Аланьяспордың» өкілі Диярхан Қарабалинов.
Бұған дейін жас қорғаушыға Бельгия мен Германия клубтары қызығушылық танытқан. Ол Түркиядағы «Акденизспор», «Муратпаша Беледие Спор» және «Филинта Спор» академияларында тәрбиеленген. 2025 жылдың қыркүйегінде «Сьон» құрылымына ауысып, швейцариялық клубтың U-17 командасында ойнады.
Джан Ходжаоглу 2025 жылдың қарашасында Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңіне қатысқан Қазақстан U-17 құрамасына шақырылған. Түркия атынан ойнау мүмкіндігі болғанына қарамастан, футболшы ұлттық құрама деңгейінде Қазақстанды таңдағанын мәлімдеген.