$ 455.86  528.84  5.25

Жәнібек пен Шираз жекпе-жегі өтпей қалуы мүмкін: WBO мерзімді ұзартты

Келісімге қатысты құжаттар сол күні Атлант стандартты уақытымен сағат 17:00-ге дейін тапсырылуы тиіс.

Фото: ЖИ
Фото: ЖИ

Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) Жәнібек Әлімханұлы мен екінші орта салмақтағы әлем чемпионы Хамза Шираз арасындағы жекпе-жекке қатысты келіссөз жүргізу мерзімін тағы бір аптаға ұзартты,  деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Ұйымның мәліметінше, Жәнібектің промоутері Top Rank пен Шираздың өкілі Queensberry Promotions келіссөздерді жалғастыру үшін қосымша уақыт сұраған. Осыған байланысты тараптарға 2026 жылғы 10 қыркүйекке дейін уақыт берілді.

Келісімге қатысты құжаттар сол күні Атлант стандартты уақытымен сағат 17:00-ге дейін тапсырылуы тиіс. Бұл Қазақстан уақытымен 11 қыркүйек сағат 02:00-ге сәйкес келеді.

«Егер тараптар белгіленген мерзімге дейін келісімге келіп, тиісті құжаттарды ұсынбаса, WBO чемпиондық комитеті бекітілген тәртіпке сәйкес промоутерлік сауда өткізуді тағайындайды», – делінген ұйым хабарламасында.

Егер промоутерлік сауда өткізілсе, жекпе-жекті ұйымдастыру құқығы ең жоғары қаржы ұсынған компанияға беріледі. Сондай-ақ айқастың өтетін орны мен уақыты және боксшылардың гонорары сол кезде анықталады.

WBO 14 тамызда Жәнібек Әлімханұлын Хамза Шираздың чемпиондық белбеуіне міндетті үміткер ретінде бекіткен болатын. Алғашқыда тараптарға келісімге келу үшін 20 күн берілген еді.

Жәнібек Әлімханұлы 21 шілдеде орта салмақтағы WBO чемпиондық белбеуінен өз еркімен бас тартып, екінші орта салмаққа ауысқан. Қазір қазақстандық боксшы бұл дивизиондағы WBO рейтингінде бірінші орында тұр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0