05.09.2026, 10:30

Көшпенділер ойындары: Қазақстан жалпыкомандалық есепте көш бастады

Фото: Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі

Құрама еншісінде 25 алтын, 13 күміс және 17 қола жүлде бар.

VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасы аралық нәтиже бойынша жалпыкомандалық есепте бірінші орынға шықты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

4 қыркүйектегі мәліметке сәйкес, қазақстандық спортшылар жарыстарда 55 медаль жеңіп алған. Құрама еншісінде 25 алтын, 13 күміс және 17 қола жүлде бар.

Жалпыкомандалық есепте екінші орында Қырғызстан тұр. Қырғыз елінің спортшылары әзірге 58 медаль иеленген. Оның 23-і алтын, 24-і күміс және 11-і қола.

Ал Ресей құрамасы 4 алтын, 6 күміс және 13 қола медальмен үшінші орында келеді.

Қазақстандықтар Көшпенділер ойындарының бағдарламасына енген 42 спорттың 31 түрінде бақ сынап үлгерді. Спортшыларымыз аударыспақ, қазақ күресі, алыш, армрестлинг, самбо, арқан тарту, дәстүрлі садақ ату, ат жарыстары, құсбегілік және өзге де жарыстарда жүлделі орындарға ие болды.

Дегенмен жарыстар әлі аяқталған жоқ. Сондықтан алдағы бәсекелердің нәтижесіне қарай жалпыкомандалық есептегі жағдай өзгеруі мүмкін. Қазақстан құрамасы тағы 11 спорт түрінен жарыс жолына шығады.

Айта кетейік, биылғы VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына әлемнің 113 елінен шамамен 3 мың спортшы қатысып жатыр.