05.09.2026, 12:30

«Жақсы жаңалық бар»: Еркебұлан Тоқтар UFC-ге ауысуы мүмкін екенін хабарлады

Фото: Qazsport

Еркебұлан Тоқтар мен оның менеджері UFC өкілдерімен кездеседі.

Қазақстандық ММА файтері Еркебұлан Тоқтар әлемдегі ең ірі промоушен — UFC өкілдерімен келіссөз жүргізбек. Бұл туралы спортшы әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Тоқтар Париж әуежайында өзінің менеджері, OCTAGON лигасының басшысы Нұраддин Садықовты қарсы алған сәттен видео жариялады. Оның сөзінше, тараптар UFC өкілдерімен кездесуді жоспарлап отыр.

«Нұреке Парижге келді. Бұйырса, ертең UFC-пен келіссөз жүргіземіз. Бізге сәттілік тілеңіздер», — деді Еркебұлан Тоқтар.

Ал Нұраддин Садықов алда жақсы жаңалық болуы мүмкін екенін айтып, келіссөздің нәтижесін күтуге шақырды.

Қазақстандық файтер Франция астанасына UFC Paris турнирі қарсаңында барған. Париждегі кештің басты жекпе-жегінде жаңазеландиялық Дэн Хукер мен франциялық Салахдин Парнасс кездеседі.

Еркебұлан Тоқтар соңғы жекпе-жегін Астанада өткен IBA Nomad турнирінде өткізіп, қарсыласын нокаутпен жеңген еді. Қазір ол ТМД аумағындағы ең танымал қазақстандық файтерлердің бірі саналады. Спортшы ММА-дағы өнерімен қатар киноға түсіп, әлеуметтік желіде де белсенділік танытып жүр.

Бұған дейін Тоқтар UFC-ге ауысуға аса қызығушылық танытпайтынын айтқан. Ол америкалық промоушеннің бастапқы келісімшарттарындағы қаржы жекпе-жекке дайындық пен денсаулыққа байланысты тәуекелдерді толық өтемейтінін алға тартқан еді.

Енді қазақстандық файтердің ұстанымы өзгергенге ұқсайды. Дегенмен әзірге UFC-пен келісімшарт жасалған жоқ. Париждегі кездесудің нәтижесі келіссөз аяқталғаннан кейін белгілі болуы мүмкін.

Тегтер: Еркебұлан UFC