23.09.2026, 18:20

Қазақстанның шахматшы қыздары Қытаймен бірінші орынға таласады

Фото: Туризм және спорт министрлігі

Қазақстанмен қатар Қытай құрамасы да 12 ұпай жинаған.

Самарқандта өтіп жатқан 46-шы Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында алғашқы алты тур аяқталды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Қазақстан әйелдер құрамасы осы уақытқа дейін бірде-бір матчта жеңіліс таппай, турнир кестесінде екінші орында келеді.

Қазақстан құрамасы алты кездесудің бәрінде жеңіске жетті

Қазақстандық шахматшылар алғашқы алты турдың барлығында қарсыластарынан басым түсіп, мүмкін болған 12 командалық ұпайдың барлығын еншіледі.

Ұлттық құрама Ботсвана, Босния және Герцеговина, Словения және Армения шахматшыларын жеңді. Кейін Германия мен Әзербайжан құрамаларын бірдей 2,5:1,5 есебімен ұтты.

Қазақстанмен қатар Қытай құрамасы да 12 ұпай жинаған. Алайда қосымша көрсеткіштер бойынша қытайлықтар турнир кестесінде бірінші орында тұр. Үндістан құрамасы 10 ұпаймен үшінші сатыда келеді.

Жетінші турда Қазақстан Қытаймен кездеседі

23 қыркүйекте өтетін жетінші турда Қазақстан мен Қытай құрамалары өзара кездеседі. Бұл матчтан кейін турнир көшбасшысы өзгеруі мүмкін.

Қытай құрамасы Самарқандтағы олимпиадаға елдің ең танымал шахматшыларын толық құрамда алып келген жоқ. Команда сапында Хоу Ифань, Тань Чжунъи, Лэй Тинцзе және қазіргі әлем чемпионы Цзюй Вэньцзюнь жоқ.

Қытайдың бірінші тақтасында рейтингі 2550 болатын Чжу Цзиньэр ойнайды. Сондай-ақ құрамда 2010 жылы туған халықаралық шебер Лу Мяои бар.

Қытайдың негізгі төрт шахматшысының орташа Эло рейтингі – 2432. Қазақстан құрамасында бұл көрсеткіш 2421-ге тең. Екі команда арасындағы айырмашылық небәрі 11 рейтингтік ұпай.

Ерлер құрамасы 26-орынға көтерілді

Қазақстанның ерлер құрамасы алты турдан кейін тоғыз командалық ұпай жинап, турнир кестесінде 26-орынға көтерілді.

Алтыншы турда қазақстандық шахматшылар Колумбия құрамасын 3,5:0,5 есебімен жеңді. Денис Махнев, Сауат Нұрғалиев және Даниял Сапенов өз партияларында жеңіске жетсе, Жандос Ағманов қарсыласымен тең түсті.

Қазақстан ерлер құрамасы бұл олимпиадаға жасарған құраммен келді. Команда сапында 16 жастағы Қазақстан чемпионы Сауат Нұрғалиев те өнер көрсетіп жатыр.

Ерлер арасындағы жарыста алты турдан кейін Өзбекстан құрамасы 12 ұпаймен көш бастап тұр.

Самарқандтағы олимпиада жалпы 11 турдан тұрады. Демек, Қазақстан құрамаларын алда тағы бес тур күтіп тұр.