$ 441.77 € 502.38 ₽ 5.23

Қазақстандық бапкер қыз зорлады деген күдікке ілікті

Полиция бапкерді іздестіру барысында оның Дели қаласында болғанын анықтаған.

Фото: 1бол!
Фото: 1бол!

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Үндістанда қылмыстық іс бойынша іздестіріліп жатқан қазақстандық велоспорт бапкері Мақсат Аязбаевқа қатысты жағдайға түсініктеме берді,  деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

СІМ мәліметінше, Қазақстан тарапы бұл жағдайдан хабардар. Қазір қазақстандық дипломаттар Аязбаевтың туыстарымен байланыста және оған консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатыр. Министрлік мәселені бақылауда ұстап отыр.

«Министрлік Үндістандағы Қазақстан азаматына қатысты жағдайдан хабардар. Қазақстандық дипломаттар аталған азаматтың туыстарымен байланыста. Оған консулдық-құқықтық көмек көрсетіліп жатыр. Министрлік бұл мәселені бақылауда ұстап отыр», — деп хабарлады СІМ.

Бұған дейін Үндістанның Патиала қаласында Аязбаевқа қатысты кәмелетке толмаған спортшыға жыныстық зорлық жасады деген күдік бойынша қылмыстық іс қозғалғаны хабарланған. Үндістандық БАҚ мәліметінше, оқиға 13 қыркүйекте оқу-жаттығу жиыны кезінде болған, ал 16 жастағы спортшы полицияға 18 қыркүйекте жүгінген.

Полиция бапкерді іздестіру барысында оның Дели қаласында болғанын анықтаған. Алайда құқық қорғау органдары барған кезде Аязбаев ол жерден кетіп қалған. Оның төлқұжаты тәркіленгені хабарланды. Қазір оның нақты қай жерде екені белгісіз.

Қазақстан велоспорт федерациясы не деді?

Қазақстан велоспорт федерациясы Мақсат Аязбаевтың соңғы жылдары Үндістан тарапымен келісімшарт бойынша жұмыс істеп, осы елдің ұлттық құрамасын дайындағанын мәлімдеді. Федерация оның қазіргі уақытта Қазақстан ұлттық құрамасына қатысы жоқ екенін атап өтті.

«Жарияланымдарда көрсетілген оқиғалар оның Үндістан тарапы үшін жұмыс істеген кезеңінде Үндістан аумағында болған және оларды Үндістанның құқық қорғау органдары қарастырып жатыр», — делінген федерация мәлімдемесінде.

Ұйым істің мән-жайы ресми тергеу барысында анықталатынын айтып, асығыс қорытынды жасамауға шақырды. Үндістанның велоспорт федерациясы да Аязбаевтың қызметін тергеу аяқталғанға дейін тоқтатқан.

Мақсат Аязбаев — бұрын кәсіби деңгейде өнер көрсеткен қазақстандық велошабандоз әрі бапкер. Кейін ол жаттықтырушылық қызметке ауысып, Үндістан ұлттық құрамасымен жұмыс істеген.

Қазіргі таңда іс бойынша Үндістанда тергеу жүріп жатыр. Аязбаевтың кінәсі сот шешімімен анықталған жоқ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0