29.09.2026, 18:20

Айбек Оралбай Азиада алтыны үшін Жахонгир Зокировпен жұдырықтасады

Фото: ҚБФ

Бокстан Азия ойындарының финалдық жекпе-жектері 2 қазанда өтеді.

Қазақстандық боксшы Айбек Оралбай Жапонияның Айти-Нагоя қаласында өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарында аса ауыр салмақтағы (+90 келі) алтын медаль үшін өзбекстандық Жахонгир Зокировпен кездеседі, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Зокиров финалға Иран өкілі Амир Эсмаили Вандеимен болған жекпе-жектен кейін жолдама алды. Өзбек боксшысы қарсыласын бірінші раундта екі рет нокдаунға түсірді. Екінші раундта да Жахонгир шабуылын үдетіп, төреші ирандық боксшыға есеп ашуға мәжбүр болды.

Көп ұзамай жекпе-жек Эсмаили Вандеидің бет тұсындағы жарақатына байланысты тоқтатылды. Осылайша Зокиров финалға шықты.

Жахонгир Зокиров — 2025 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Сондай-ақ ол 2021 жылы жастар арасында әлем чемпионы атанған.

Ал Айбек Оралбай жартылай финалда Үндістан өкілі Нарендерді бірауыздан қабылданған төрешілер шешімімен жеңіп, финалға жолдама алған еді.

Енді екі елдің боксшылары Азия ойындарының алтын медалі үшін шаршы алаңға шығады. Бокстан Азия ойындарының финалдық жекпе-жектері 2 қазанда өтеді.