Ол Азия ойындарындағы бокс бәсекесіне бірде-бір қазақстандық төрешінің тартылмағанына да назар аударды. Қаженовтің сөзінше, төрелік етуге Гватемала, Шри-Ланка және Аргентинадан мамандар шақырылғанымен, тәжірибелі қазақ төрешілері жарыстан шет қалған.
Спорт журналисі Аслан Қаженов Аичи–Нагоя-2026 Азия ойындарындағы даулы төрешілікке қатысты пікір білдіріп, World Boxing президенті Геннадий Головкинге үн қатты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Журналист әлеуметтік желідегі жазбасын «Безстыжий кім сонымен?!» деген сауалмен бастап, қазақстандық боксшылардың бірнеше жекпе-жегіндегі төрешілер шешімін қатаң сынға алды.
Қаженовтің пікірінше, World Boxing басшылығы ашықтық пен әділдік орнатып, спортшылардың құқығын қорғайтынын мәлімдегенімен, төрешілік жүйесіндегі мәселелер әлі шешілмеген.
«Үш боксшымыздың жеңісі ұрланды. Көзінше ұрланды. Жүйе әлі реттелмеді. Төрелік әлі тазаланбады. Оның үстіне, көзімізді бақырайтып қойып, “ал, не істей аласыңдар, қазақтар?” дегенге келтіріп тұр», – деп жазды журналист.
Ол Азия ойындарындағы бокс бәсекесіне бірде-бір қазақстандық төрешінің тартылмағанына да назар аударды. Қаженовтің сөзінше, төрелік етуге Гватемала, Шри-Ланка және Аргентинадан мамандар шақырылғанымен, тәжірибелі қазақ төрешілері жарыстан шет қалған.
«Азия елдерінен десеңіз, өзбегін бар, тәжігін бар, жапонын бар – бәрі төрелік етіп жүр. Қазақ қана жоқ. Бұл не масқара?» – деді ол.
Қазақстан бокс федерациясы әйелдер арасында 75 келіде Наталья Богданова мен үндістандық Ловлина Боргохайнның, сондай-ақ 55 келіде Махмұд Сабырхан мен филиппиндік Карло Пааламның жартылай финалдық жекпе-жектерінің нәтижесімен келіспей, World Boxing ұйымына ресми наразылық жолдаған.
Алайда журналист бұл шағымдар нәтижені өзгертпейтінін айтып, мәселені жекелеген жеңілістерден емес, төрешілік жүйеден іздеуге шақырды.
«Менімен алысқанша, төрешілермен алыссындар, жүйемен алыссындар. Тізгінді алдың ба, айырып тұрып жұмыс істеу керек! Қазақ боксшылары мен бапкерлерінің еңбегі еш кетпеуі керек», – деп қорытындылады Аслан Қаженов.
Геннадий Головкин World Boxing ұйымының президенті қызметіне 2025 жылғы қарашада сайланған. Ол ұйым басшысы ретінде олимпиадалық бокста әділдік пен ашықтықты қамтамасыз етуді негізгі міндеттердің бірі деп атаған еді.