02.10.2026, 12:20

Төрехан Сабырхан: қарымта қайтарып, жеңіске жеткеніме қуаныштымын (ВИДЕО)

Фото: ҰОК

Отандасымыз жарыстағы жеңісінен кейін финалдық жекпе-жектегі қарсыласынан есе қайтаруды көздегенін жеткізді.

Қазақстандық былғары қолғап шебері Төрехан Сабырхан Аичи-Нагояда (Жапония) өтіп жатқан Азия ойындарының финалында жеңіске жетіп, алтыннан алқа тақты,  деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Отандасымыз жарыстағы жеңісінен кейін финалдық жекпе-жектегі қарсыласынан есе қайтаруды көздегенін жеткізді. Сондай-ақ Төрехан жарыстан кейінгі әсерімен бөлісіп, жанкүйерлерге қолдау білдіргендері үшін рақметін айтты.

"Бұл жарысқа тыңғылықты дайындалып келгенімді өздеріңіз де байқаған боларсыздар. Бірінші болып алтын медаль алғаныма өте қуаныштымын. Бұл – ағам екеуміздің әлем чемпионатынан кейінгі үлкен арманымыз еді. Екеуміз бұл жолы қатар алтын ала алмасақ та, алдағы уақытта мақсатымызға міндетті түрде жетеміз деп сенемін.

Финалдағы қарсыласыма арнайы дайындалдым. Азия чемпионатында кеткен есемді қайтаруды көздедім. Нәтижесінде, бәрі ойдағыдай өтіп, қарымта қайтардым. Қарсыласымның бұған дейінгі жекпе-жектерін қарап, оған қарсы арнайы тактика әзірлеген едік. Сол жоспарды керемет орындап шықтым. 

Азия чемпионатында тактиканы дұрыс таңдай алмай, қарсыласымның соққыларын өткізіп алған болатынмын. Бұл жолы асықпай, оған шабуыл жасауға мүмкіндік бермеуге және арақашықтықты сақтауға тырыстым.

Алғашқы екі раундта басымдық таныттым. Үшінші раундта да қарқынымды бәсеңдетпей, батыл қимылдадым. Қарсыласымды әбден титықтатып, дегеніме жеттім. Бұл ретте қазақ жігіттерінің кеткен есені қалай қайтаратынын дәлелдегім келді.

Алдағы басты мақсатымыз – Астанада өтетін әлем чемпионаты. Сол жарысқа дайындаламыз. Бұл жолы ағам екеуміз Азия ойындарында алтын медаль иелене алмадық. Енді әлем чемпионатында осы арманымызды орындауға күш саламыз. Сонымен қатар Олимпиада ойындары бар.

Қазақ еліне шексіз алғысымды білдіремін. Әлеуметтік желілерде қолдау көрсетіп, ақ тілектерін жаудырып жатқан жанкүйерлерге көп рақмет", - деді Төрехан Сабырхан.