Елдос Сметовтің өзі де мұны жақсы түсінеді.
Қазақстан құрамасының 60 келіге дейінгі салмағында Олимпиада жолдамасы үшін бәсеке қыза түсті. Бұған дейін осы салмақта көш бастап келген Елдос Сметовке енді әлем чемпионатының күміс жүлдегері Шерзод Давлатов лайықты бәсекелес болып отыр, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
24 жастағы Шерзод Давлатов Бакуде өткен әлем чемпионатында күміс медаль жеңіп алды. Қазақстандық дзюдошы жарыс барысында бес қарсыласын жеңіп, финалға дейін жетті. Олардың арасында Париж Олимпиадасының қола жүлдегері, қазіргі әлем чемпионы жапониялық Рюдзю Нагаяма да бар.
Давлатовтың бұл нәтижесі 60 келідегі ішкі бәсекені жаңа деңгейге шығарды. Өйткені Олимпиада ойындарында бір елден бір салмақта тек бір спортшы ғана қатыса алады.
Елдос Сметовтің өзі де мұны жақсы түсінеді. 34 жастағы Олимпиада чемпионы Шерзод Давлатовтың әлем чемпионатындағы күмісіне қуанып, ұлттық құрамадағы орын ешкімге алдын ала берілмейтінін айтты.
«Шерзодтың әлем чемпионатында күміс алғанын ұшақта келе жатқанда білдім. Бұл — үлкен жетістік. Оны да, өзімізді де осы жүлдемен құттықтаймын. Олимпиада жолдамасы үшін бәріміз тең жағдайда таласамыз. Егер құрамадан біреу менен мықты болса және Олимпиадаға сол баратын болса, оған ешқандай өкпем жоқ. Әр адамның Олимпиадаға баруға мүмкіндігі бар. Кім мықты болса, сол барады. Спортта мықты спортшының барғанына өкпе болмауы керек», — деді Елдос Сметов Inform.kz тілшісіне берген сұхбатында.