"Мен үшін бұл жеңістің маңызы өте жоғары".
Жапонияда өткен ХХ жазғы Азия ойындарында бақ сынаған қазақстандық спортшылардың тағы бір легі Алматыға оралды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Елге келген спортшылар арасында таеквондодан қола жүлдегер Батырхан Төлеуғали, виртуалды таеквондодан қола медаль алған Рита Бакишева, еркін күрестен қола жүлдегер Нұрқожа Қайпанов және күміс медаль иеленген Қазақстанның су добы құрамасы бар.
Сондай-ақ Алматыға таеквондодан тарихи жеңіске жеткен Темірлан Тілеулес те келді. Спортшы 58 келіге дейінгі салмақта алтын медаль жеңіп алып, ерлер арасында Азиада чемпионы атанған тұңғыш қазақ таеквондошысы болды.
Бұған дейін Азия ойындарында қазақстандық таеквондошылар күміс жүлдемен шектелген еді. Атап айтқанда, Феруза Ергешова Гуанчжоу-2010 додасында 73 келіде, Нұрсұлтан Мамаев Инчхон-2014 жарысында 58 келіге дейінгі салмақта, ал Жансель Дениз Джакарта-2018 бәсекесінде 73 келіде күміс медаль алған.
Алматы әуежайында спортшыларды туған-туыстары мен жақындары, қала әкімдігі және спорт федерацияларының өкілдері қарсы алды.
Темірлан Тілеулес журналистерге сұхбат беріп, жарыстағы әсерімен бөлісті.
«Әуежайда жылы қарсы алып, жарыс кезінде қолдау көрсеткен барша қазақ еліне алғыс айтамын. Жарыс жақсы өтті. Дегенмен қарсыластарым өте мықты болды. Екінші және үшінші кездесулерде Иран мен Корея спортшыларымен белдестім. Финалда Филиппин өкілін жеңіп, тарихқа енгеніме қуаныштымын», – деді спортшы.
Ол Азиададағы тарихи жеңісінің өзі үшін маңызы зор екенін атап өтті.
«Мен үшін бұл жеңістің маңызы өте жоғары. Ең алдымен, қазақстандық таеквондошылардың әлемдік аренада жеңіске жете алатынын дәлелдедік. Осымен тоқтамаймыз. Алда әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындары бар. Сол жарыстарда да жеңіске жетуге тырысамыз», – деді Темірлан Тілеулес.