BoxRec статистикалық порталы салмақ дәрежесіне қарамастан әлемдегі ең үздік әуесқой боксшылардың рейтингін жаңартты. Қыркүйекте Болгарияда өткен Еуропа чемпионаты мен Жапониядағы Азия ойындары рейтингтегі бірқатар боксшыға әсер етті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
BoxRec рейтингінің басты ерекшелігі — оның арнайы математикалық алгоритм арқылы автоматты түрде жасалатынында. Яғни тізім түзілген кезде төрешілердің пікірі, сарапшылардың бағасы немесе бокс ұйымдарының шешімі ескерілмейді. Боксшылардың нәтижелері арнайы жүйе арқылы есептеліп, қорытынды көрсеткішке сәйкес орындар бөлінеді.
Абылайхан Жүсіпов ТОП-10-нан шықты
Бір ай бұрын BoxRec рейтингінің алғашқы ондығында Қазақстан атынан Абылайхан Жүсіпов болған еді. Ол кезде қарағандылық боксшы тоғызыншы орында тұрған.
Қазіргі рейтингте Жүсіпов екі саты төмендеп, 11-орынға жайғасты. Ол Азия ойындарына қатысқан жоқ. Қазақстан құрамасының 70 келіге дейінгі салмақтағы өкілі ретінде оның орнына Төрехан Сабырхан сынға түсті.
Төрехан Жапониядағы додада Қазақстан боксына 12 жылдан кейінгі алғашқы Азиада алтынын сыйлады. Ол жарыс барысында ирактық қарсыласы Аль-Саррайды нокаутпен жеңіп, жартылай финалда өзбекстандық Шавкатжон Болтаевтан басым түсті. Финалда иорданиялық Зейяд Ишаишті жеңіп, Азия ойындарының чемпионы атанды.
Осы жетістіктеріне қарамастан, BoxRec алгоритмі Сабырханды әлемдік рейтингтің алғашқы ондығына қоспады. Қазақстандық боксшы жаңартылған тізімде 18-орынға орналасты.
Эркинбоев те үздік ондықтан түсті
Азия ойындарының нәтижесі Өзбекстан боксшысы Фазлиддин Эркинбоевтің рейтингіне де әсер етті.
Бұған дейін бесінші орында тұрған Эркинбоев Жапониядағы Азия ойындарында 80 келіге дейінгі салмақтың жартылай финалында үндістандық Анкуштан жеңілді. Осыдан кейін ол рейтингте 12-сатыға сырғыды.
Ал Азия ойындарының екі дүркін чемпионы Абдумалик Халоков әлемдік рейтингтегі бірінші орнын сақтап қалды. Турабек Хабибуллаев та жетінші позициясын жоғалтқан жоқ. Азия ойындарына қатыспаған Асадхуджа Муйдинхуджаев тоғызыншы орында қалды.
Осылайша қазіргі ТОП-10 құрамында Өзбекстанның үш боксшысы бар.
Ресейліктердің үлесі көп
Жаңартылған рейтингтің алғашқы ондығында Ресей бес боксшымен көш бастап тұр. Үздік ондыққа Муслим Гаджимагомедов, Всеволод Шумков, Андрей Пегливанян, Эдуард Савин және Илья Попов кірді.
Ал алғашқы бестікте Өзбекстаннан Абдумалик Халоков, Ресейден Муслим Гаджимагомедов пен Всеволод Шумков, Украинадан Олимпиада чемпионы Александр Хижняк және Бразилиядан Луис де Оливейра бар.
Келесі үлкен өзгеріс Астанадағы әлем чемпионатынан кейін болуы мүмкін
BoxRec рейтингіндегі келесі елеулі өзгерістерді 2027 жылғы сәуірде күтуге болады. Сол кезде Астанада әлем чемпионаты өтеді.