$ 453.65 € 509.99 ₽ 5.31

«Өз еркіңмен кет немесе соттатамыз»: Аслан Қаженов өзіне қатты қысым басталғанын айтты

Фото: Instagram/kazhenov.aslan
Фото: Instagram/kazhenov.aslan

Белгілі спорт журналисі Аслан Қаженов қызметіне байланысты қысым көріп жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, оған жұмыстан өз еркімен кету немесе бірнеше бап бойынша жауапқа тартылу қаупі төндірілген. Бұл туралы журналист әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Аслан Қаженовтің сөзінше, Жапонияда болған жағдайдан кейін оған Геннадий Головкинге қатысты жазбасын өшіру туралы талап қойылған. Журналист постты өшірмесе, эфирге шығармайтынын, жұмыстан шеттететінін және заңмен қудалайтынын айтқан хабарламалар алғанын жеткізді.

«Екі күннен кейін “ұлтаралық алауыздықты қоздырдың” деген себеппен соттатқалы жатырмыз дегенді тағы жеткізді. Амал жоқ, постты алып тастадым. Отбасы бар, бала-шаға бар дегендей», – деп жазды ол.

Журналистің айтуынша, Астанаға оралғаннан кейін де оған қысым жалғасқан. Ол жұмыста өз еркімен қызметтен кетуді немесе бірнеше бап бойынша сотқа тартылуды ұсынғанын мәлімдеді.

Қаженов «Хабар» агенттігінің заңгері оның әлеуметтік желідегі жазбаларын зерделеп, ресми арыз-шағымдар дайындағанын айтты. Оның сөзінше, жазбаларындағы жекелеген тіркестер ұлтаралық алауыздықты қоздыру және жеке басын қорлау ретінде бағаланған.

«Айтпақшы, бұл істер ІІМ-де жатыр. Егер өз еркіңмен кетпесең, басың бәлеге қалады дегенді қадап айтты», – деді журналист.

Ол қысымның артында Президент Әкімшілігіндегі бір адамның тапсырмасы тұрғанын, сондай-ақ бұл ақпаратқа жауапты министрдің тікелей тапсырмасы дегенді естігенін мәлімдеді. Қаженовтің айтуынша, бұл туралы жазбасы да бар.

Журналист қазақ спортындағы мәселелерді ашық көтеру қылмыс болмауы керек екенін айтып, сөз бостандығы мен журналистің құқығына қатысты сұрақ қойды.

«Қазақ спортының проблемасын айту – қылмыс па? Қазақ спортшыларының жанайқайын жеткізуші – қылмыскер ме? Сөз бостандығы қайда? Журналистің құқығы қайда?» – деп жазды Аслан Қаженов.

Ол жазбасында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа да үндеу жасап, жағдайға назар аударуды сұрады.

«Мемлекеттік арнада 15 жыл еңбек еткен қатардағы тілшіні осынша қысымға алып жатыр. Мен қарапайым адаммын. Біреулер сияқты төбеден тапсырма беретін саяси ықпалым да жоқ, не азулы адвокаттарды жалдап қырылатын ақшам да жоқ. Бірақ объективті түрде сын айта аламын. Сол арқылы отандық спорттағы жағдайларды оң бағытта реттеуге боларына сенімдімін», – деді журналист.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0