Олимпиада чемпионы Қаженовтің осы мәселелерді ашық көтергенін ерекше атап өтті.
Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев спорт журналисі Аслан Қаженовті қолдап, оған жасалып жатқан қысым туралы мәлімдемеге үн қосты. Артаев Мемлекет басшысының отандық спортты дамыту және спортшыларды қолдау мәселесін үнемі көтеріп жүргенін атап өтті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Оның пікірінше, халықаралық жарыстарда қазақстандық спортшыларға қатысты туындаған даулы жағдайлар туралы айту және спортшылардың үнін қоғамға жеткізу қылмыс саналмауға тиіс. Олимпиада чемпионы Қаженовтің осы мәселелерді ашық көтергенін ерекше атап өтті.
«Белгілі спорт журналисі Аслан Қаженов бауырымыз ғана шындықты шырылдатып айтып, спортшыларымыздың мұңын мұқым елге жеткізді. Турасын айтқан туғанына жақпайды дегендей, мәселені тереңінен зерделеп шешудің орнына Аслан бауырымызды түрлі жолдармен бопсалап, әртүрлі сылтауларды алға тарта отырып, сөз бостандығынан айырудамыз», – деп жазды Бақтияр Артаев.
Оның пікірінше, мұндай жағдайлар тек журналистерге ғана емес, ел намысын қорғап жүрген спортшыларға да кері әсер етуі мүмкін.
«Осындай оқиғалардан кейін спортшылардың сеніміне селкеу, көңіліне қаяу түседі», – дейді Олимпиада чемпионы.
Артаев спорттағы жеңіс пен жеңілістің қалыпты құбылыс екенін, алайда әділетсіздікке көз жұмуға болмайтынын айтты.
«Спорт – бірде жеңіс, бірде жеңіліс. Бірақ спортта әділетсіздік ешқашан кешірілмейді. Сондықтан бір-бірімізді қолдайық, қолдан келгенше демейік, отандық спортты бірге көтерейік! Аслан ел спортына керек азамат, қайсар мінезді, турасын айтатын мықты журналист. Қоғамға керегі де – осындай азаматтар», – деп түйіндеді Бақтияр Артаев.