$ 447.14 € 500.35 ₽ 5.24

Жәнібек Әлімханұлы мен Якоб Банк чемпиондық белбеу үшін жұдырықтасады

Бұл туралы WBO президенті Густаво Оливьери мәлімдеді.

Фото: Shyndyk.kz
Фото: Shyndyk.kz

Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы WBO нұсқасы бойынша екінші орта салмақтағы бос әлем чемпиондық атағы үшін Якоб Банкпен жұдырықтасады. Екі тарап жекпе-жекті өткізу жөнінде келісімге келген.

Бұл туралы WBO президенті Густаво Оливьери әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.

«WBO Жәнібек Әлімханұлы мен Якоб Банктің командаларынан 168 фунт салмақтағы бос әлем чемпиондық атағы үшін жекпе-жек өткізу жөнінде келісімге келгендері туралы ресми жазбаша хабарламаны алғанын қуана растайды. Қосымша мәлімет кейін жарияланады», – деп жазды Оливьери.

Бұған дейін, 22 қыркүйекте WBO Жәнібек Әлімханұлы мен жеңіліп көрмеген дат боксшысы Якоб Банк арасындағы жекпе-жекті бос чемпиондық белбеу үшін өткізуге санкция берген еді. Бұл шешім британдық Хамза Шираздың чемпиондық белбеуден ресми түрде бас тартуынан кейін қабылданды.

Осылайша, Әлімханұлы мансабындағы тағы бір әлем чемпиондығы үшін жекпе-жекке дайындалады. Қазақстандық боксшы бұған дейін WBO нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы атанған.

Жәнібек Әлімханұлы келесі жекпе-жегін Нью-Йоркте өткізгісі келетінін де айтқан болатын. Алайда титулдық кездесудің нақты өтетін орны мен күні әзірге жарияланған жоқ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0