Жас футболшы командамен бірге жаттығу барысынан түскен фотоларын Instagram парақшасында жариялады.
Қазақстан құрамасының 18 жастағы шабуылшысы Дастан Сәтпаев жарақатынан айығып, «Бернли» сапындағы жаттығу жұмыстарына қайта кірісті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Жас футболшы командамен бірге жаттығу барысынан түскен фотоларын Instagram парақшасында жариялады.
Сәтпаев қыркүйек айының басында Чемпионшиптің төртінші турында «Мидлсброға» қарсы кездесуде (1:1) санның артқы бұлшықетінен жарақат алған еді. Ол матчты негізгі құрамда бастап, 81-минутта алаңнан кетуге мәжбүр болды.
Ойыннан кейін «Бернли» бас бапкері Ники Хайен қазақстандық шабуылшының бірнеше апта бойы қатардан тыс қалатынын айтқан.
Осы жарақатына байланысты Сәтпаев Қазақстан құрамасының қыркүйек және қазан айларындағы Ұлттар лигасы матчтарына шақырту алған жоқ.
Енді қазақстандық футболшының ресми ойынға оралуы күтілуде. «Бернли» Чемпионшиптің тоғызыншы турында 10 қазанда сырт алаңда «Уотфордпен» кездеседі.