09.10.2026, 15:20

«Мансабымдағы ең үлкен гонорар»: Жәнібек Әлімханұлының қарсыласы мәлімдеме жасады

Фото: Tengrinews.kz

Бұған дейін The Ring басылымы жекпе-жек 2026 жылдың желтоқсанында Копенгагенде өтетінін жазған. 

Даниялық боксшы Якоб Банк қазақстандық Жәнібек Әлімханұлымен өтетін кездесуді мансабындағы ең маңызды жекпе-жек әрі ең жоғары гонорар әкелетін айқас деп бағалады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

25 жастағы нокаутшы Банк Әлімханұлының супер орта салмақтағы алғашқы қарсыласы атануы мүмкін. Даниялық боксшы алдағы кездесудің өзі үшін тарихи маңызға ие екенін атап өтті.

«Бұл – тарихи оқиға. Осы титулдың Данияда қалуы үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын. Мен осы соманың жартысын ғана алсам да, Данияда боксқа шығуға рұқсат берілсе болды деп айтқан едім.

Бұл – Кесслер заманынан бері Данияда өтетін әлем чемпионы атағы үшін алғашқы жекпе-жек. Содан бері 15 жылға жуық уақыт өтті. Бұл таңғаларлық жағдай. Бұл менің мансабымдағы ең маңызды жекпе-жек және ең үлкен гонорар. Мәселе ешқашан ақшада болған емес, менің осы айқасқа қатысты ішкі түйсігімде болды. Оның Данияда өтетініне сену қиын», – деді Банк сұхбатында.

Бұған дейін The Ring басылымы жекпе-жек 2026 жылдың желтоқсанында Копенгагенде өтетінін жазған. Алайда Банктің промоутері Каспер Хольгерсен кездесудің 2027 жылдың қаңтарына жоспарланғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, жекпе-жектің нақты өтетін орны алдағы 14 күн ішінде белгілі болады.

Орта салмақтағы әлемнің бұрынғы чемпионы Жәнібек Әлімханұлы бұл жолы жаңа салмақ дәрежесінде бақ сынап, WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағын сарапқа салады.

Еске салайық, Әлімханұлы соңғы рет 2025 жылдың сәуірінде рингке шыққан. Сол кезде Астанада өткен турнирде француз боксшысы Анауэль Нгамессингені нокаутпен жеңген еді.