13.10.2026, 10:40

Роналду өзбек клубына гол соғып, «Әл-Насрға» маңызды жеңісті әкелді

Фото: Abdullah Ahmed/Getty Images

Азия футбол конфедерациясы Чемпиондар лигасының екінші турында «Әл-Наср» өз алаңында ферғаналық «Нефтчи» клубын қабылдап, 3:1 есебімен жеңіске жетті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Алаң иелері есепті 33-минутта ашты. Саудиялық клубтың жартылай қорғаушысы Габриэль Анжело әріптесінің берген пасын қақпаға дәл бағыттап, қанжығасын майлаған. 42-минутта португалиялық даңқты шабуылшы Криштиану Роналду стандарттан көтерілген допқа бірінші жетіп, есепті еселеді.

Екінші тайм басталған сәттен өзбек футболшылары шабуылды үдетіп, ақыры 51-минутта дегеніне жетті. Гол авторы – Алишер Одилов. Алайда, 78-минутта «Нефтчи» ойыншысы Анвар Гофуров өз қақпасына гол соғып, матчтың нүктесін қойды.

Осылайша, екі ойыннан кейін үш ұпай жинаған «Әл-Наср» турнирлік кестенің сегізінші сатысына жайғасты. «Нефтчиде» де үш ұпайы бар. Дегенмен, соғылған гол санының көптігіне байланысты өзбекстандық клуб жетінші орында.