13.10.2026, 15:20

Юлия Путинцева Қытайдағы турнирде үшінші жеңісіне қол жеткізді

Фото: offside.kz

Үшінші партияда таразы басын аудара білді — 7:5.

Қазақстанның екінші, әлемнің 79-ракеткасы Юлия Путинцева Ухань (Қытай) WTA 1000 турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Жарысты іріктеу сайыстарынан бастаған қазақстандық теннисші алғашқы айналымда әлемнің 59-ракеткасы, түркиялық Зейнеп Сонмезбен кездесті.

Бірінші партияда есеп 5:4 болғанда, Путинцева үш сетболды пайдалана алмады — 6:7 (1:7). Есесіне екінші сетте Юлия есе қайырды — 6:3.

Содан кейін шешуші, үшінші партияда таразы басын аудара білді — 7:5.

Екі сағат 54 минутқа созылған тартысты бәсекеде Путинцева 16 брейк-пойнттың жетеуін пайдаланды. Сонмез 5 брейкпен (9 брейк-пойнт) көзге түсті.

Осылайша, Ю.Путинцева Уханьда іріктеу сайысын қосқанда, үшінші жеңісіне қол жеткізді. Қазақстандық теннисші үшінші айналымға шығу үшін әлемнің 13-ракеткасы, ресейлік Диана Шнайдермен таласады. Ол рейтингіде 54-сатыдағы ұлыбританиялық Кэти Бултерді жолдан тайдырды — 6:3, 6:1.