13.10.2026, 16:20

Қазақстандық жүзуші әлемнің үздік спортшысы атағына үміткер атанды

Фото: World Aquatics

Қазақстандық спортшы беделді марапатқа Ұлыбритания өкілі Ранджуо Томблинмен, Колумбия спортшысы Густаво Санчеспен, Қытай өкілі Муе Гомен және Италия спортшысы Филиппо Пелатимен бірге үміткер болып отыр.

Қарағанды облысының спортшысы Виктор Друзин Халықаралық су спорт түрлері федерациясының (World Aquatics) нұсқасы бойынша жылдың үздік бес спортшысының қатарына енді. Ерлер арасындағы артистік жүзуден «Жыл спортшысы» аталымының иегері ашық дауыс беру нәтижесінде анықталады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Қазақстандық спортшы беделді марапатқа Ұлыбритания өкілі Ранджуо Томблинмен, Колумбия спортшысы Густаво Санчеспен, Қытай өкілі Муе Гомен және Италия спортшысы Филиппо Пелатимен бірге үміткер болып отыр.

Виктор Друзин үшін биылғы маусым халықаралық жарыстардағы жарқын жетістіктерімен ерекшеленді. Маусым айында ол Торонтода өткен Әлем кубогының суперфиналында техникалық бағдарлама бойынша жеке сында қола медаль иеленді. Сондай-ақ еркін бағдарламада күміс жүлдеге қол жеткізіп, Наргиза Болатовамен бірге аралас жұптық сында қола медаль жеңіп алды.

Шілде айында Бангкокте өткен Азия чемпионатында қарағандылық спортшы техникалық бағдарлама бойынша жеке сында топ жарып, алтын медаль иеленді. Осылайша, ол құрлық чемпионы атағын екінші рет жеңіп алды. Ал тамыз айында Будапештте өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында қола жүлдегер атанды. Ал 2026 жылғы Азия ойындарында Қазақстанның аралас командасы сапында өнер көрсетіп, қола медаль иеленді

Спортшыны Елена Котова жаттықтырады.

Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы өңір тұрғындарын жерлесімізді қолдап, дауыс беруге шақырады.

Дауыс беру үшін World Aquatics федерациясының Instagram желісіндегі ресми парақшасына https://www.instagram.com/world_aquatics/ өтіп, Artistic Swimming | Men санатындағы үміткерлер туралы жарияланымды табу қажет. Содан кейін @druzin.viktor белгіленген пікірге лайк басу керек. Жеңімпаз спортшыларды қолдаған пікірлерге жиналған лайк саны бойынша анықталады.